Алматы облысы Маңғыстауға 82 тонна шөп жіберді

10 Тамыз 2021, 17:44
4017
Бөлісу:
Алматы облысы Маңғыстауға 82 тонна шөп жіберді

Алматы, BAQ.KZ. Қуаңшылыққа тап болған Маңғыстау халқына Алматы облысының Ескелді ауданынан 5 вагон шөп жіберілді. 

Бұл туралы Жетісу Медиа хабарлады.

Өңірдің жомарт азаматтарының қолдауымен мал азығы сатып алынып, қуаңшылық жайлаған өлкеге салтанатты түрде жөнелтілді. Қол қусырып отырмай, қиналған жұртқа көмек жинап жүрген азаматтар ауданның түкпір-түкпірінен жиналған. Асарға Қайнарлы ауылдық округінің азаматтары түрткі болған.

Елім деп, жерім деп, осындай азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, батыстаға ағайынға көмек көрсетуді жөн көрдік. Қазақ елінің бірілігін, татулығын, жерлестерін ешқандай қиын жағдайда қалдырып кетпейтітін, осындайда көрсетпесек, қашан көрсетеміз? – дейді аудан ақсақалдары.

Жалпы айтқанда, Маңғыстау облысына 4500 астам түк шөп жөнелтіліп отыр. Мал азығын жинауға 40-тан аса адам келіп атсалысқан. Оның ішінде ауыл тұрғындарынан бөлек, халық қалаулылары да бар. Атап өтсек, Ескелді ауданының мәслихат депутаттары Бақыт Досанов пен Серік Шүкенов игі іске өз үлестерін қосқан.

Қазақта жақсы сөз бар: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Ауызбіршілік, ынтымақ болса, мұндай нəрсенің талайынан жасауға әрқашанда дайынбыз. Ер еңбекте, елдік қиындықта сыналады. Соны ұмытпайық, ағайын, – дейді халық қалаулысы Бақыт Досанов. 

Ескелді ауданының белсенділері шығынға ұшыраған Маңғыстау облысының шаруаларына көмек мұнымен тоқтап қалмайтындығын жеткізіп, әрі қарай да қол ұшын созуға дайын екендігін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы