Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог ғалым Өзбекәлі Жәнібековке Алматы мен Түркістан қаласында ескерткіш орнатылады.
Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың 90 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атап өтілетін атаулы даталар мен жылдар тізбесіне енгізілген. Осыған байланысты Үкімет қоғам қайраткерінің есімін құрметтеуге арналған кешенді жұмыстар жүргізуде, - делінген Үкімет басшысы орынбасарының жауабында.
Оның айтуынша, Түркістан облысы әкімдігі мемлекет қайраткеріне арналған еңселі ескерткішті Түркістан қаласында орнату мәселесін келесі жылы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына ұсынуды жоспарланып отыр.
Ал Алматы қаласындағы Гоголь көшесінің 37 мекен-жайына Ө. Жәнібековке мемориалдық тақта орнату жұмыстары жүргізілуде. Алматы қаласының әкімдігі мемлекет қайраткеріне арналған ескерткіш орнату мәселесін қалалық Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізетін болады, - деді вице-премьер.