Алматы мен Алматы облысының тауларында қиын жағдайға тап болған үш жас турист құтқарылды. Олардың бірі аяғын жарақаттап, өздігінен төмен түсе алмаған. Ал тағы екеуі шамамен 2600 метр биіктікте таудан түсе алмай қалған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Алматыда қыз тауда аяғын жарақаттап алған
Алғашқы оқиға Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Жапон жолы маңында болған. Тауда серуендеп жүрген 2004 жылы туған қыз аяғын жарақаттап алып, өздігінен төмен түсе алмаған.
Оған Алматы қаласындағы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының құтқарушылары көмекке келген.
Мамандар қызға қажетті көмек көрсетіп, оны «Эдельвейс» туристік базасының шлагбаумына дейін жеткізген. Сол жерде зардап шеккен қыз жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Екі турист 2600 метр биіктікте қалып қойған
Тағы бір оқиға Алматы облысының Қарасай ауданында, Терра алаңқайынан жоғары аумақта болған.
17 және 18 жастағы екі жас таудан өздігінен түсе алмай, құтқарушылардан көмек сұраған.
Оқиға орнына ТЖМ-нің «Барыс» республикалық құтқару қызметінің мамандары аттанған.
Құтқарушылар туристерді шамамен 2600 метр биіктіктен тапқан. Тексеру барысында олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрмағаны анықталды. Медициналық көмек қажет болмаған.
Мамандар екі жасты төменге, Проходное шатқалына дейін ертіп түсіп, кейін қалаға қауіпсіз оралуына көмектескен.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауда немесе басқа жерде қиын жағдайға тап болған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажеттігін еске салды.