Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы бойынша 30 мыңдай орын жетіспеушілігі бар. Кейбір мектепте бастауыш сыныптарда 40 балаға дейін оқып жатыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңес кезінде айтты.
Жиын барысында президент Алматыдағы жалпы білім беру орындарында орын жетіспеушілігі орын алып отырғандығын сөз етті.
"№173 мектепте бір сыныпта балалар саны 50-ге жеткенін айтты. 5 жыл ішінде бар болғаны 4200 орынды 5 жаңа мектеп салынған. Яғни жылына бір мектеп қана салынуда. Бұл қанағаттандырарлық көрсеткіш емес. Оқушылар саны өсе береді, сондықтан қажетті инфрақұрылымды қазірден қолға алу керек. Қаладағы 202 мектептің 43-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Әкімдікке осы бағытта шұғыл қимылдау қажет", - деді президент.
Сондай-ақ, ол Алматы оқушыларының 35%-ы ыстық тамақпен қамтылғанын айта келе, бұл астанамен салыстырғанда 10 есе аз екенін жеткізді.
Сонымен қатар, балаларды балабақшаға орналастыру мәселесін шешу қажеттігін айтты.
"Қазір 57 мың бала кезекте тұр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі механизмін пайдаланып мектепке дейінгі мекемелерді ашу қажет. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағыты бойынша денсаулық сақтау және білім беру саласында ешқандай жоба іске асырылмаған. Өзге аймақтар бұл бағытта анағұрлым алға жылжыған", - деді ол.
Сөз арасында ол қалаға жаңадан қосылған жаңа аудандарды дамытып, қала сыртына да мәдени ошақтарды тұрғызу керектігін атап өтті.
"Елімізге белгілі көптеген театр, музей, кітапханалар Алматыда орналасқан. Қалада 270 мәдениет үйі бар. Дегенмен шаһарға қосылған жаңа аудандарда мәдениет орындары тапшы. Қала шетінде тұратындар, әсіресе жастардың саны көп. Сондықтан бұл мәселені назарда ұстауымыз керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін мемлекет басшысы Алматы білім, ғылым және іскерлік орта ретінде дамып келе жатқанын, оның Орталық Азияның өңірлік хабына айналатынын айтқан болатын.
Сонымен қатар, президент "Көк-жайлауда" құрылыс жүргізуге тыйым салып, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялаған болатын.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының медқызметі еліміздің 17 аймағы арасында 16-орында тұрғанын атап өтті.