Алматы маңында жантүршігерлік жол апаты болды

10 Маусым 2022, 14:30
1434
Бөлісу:
Алматы маңында жантүршігерлік жол апаты болды

Алматы, BAQ.KZ.  Алматы полицейлері ірі жол апаты фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Sputnik Қазақстан агенттігінің мәліметінше, үш адам қаза тауып, тағы біреуі аса ауыр жағдайда ауруханаға түсті.

Оқиға 10 маусым күні таңғы уақытта Құлжа тасжолы бойында болды. Бұқтырма көшесі мен Гүлдала ауылының арасында екі шетелдік көлік соқтығысты.

Куәгерлердің айтуынша, 5-сериялы BMW автокөлігінің жүргізушісі Құлжа тасжолымен қалаға қарай келе жатқан. Бұқтырма көшесіне жетпей, "Тимур" автожанармай құю станциясына қарсы бетте белгісіз себептермен көлік жүргізушісі жолдың қарама-қарсы жолағына шығып, бар жылдамдықпен Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Соққының қатты болғаны соншалық, көлік ішінде болған адамдар жол жиегіне ұшып түскен. Көліктер болса темір үйіндісіне айналды.

Жантүршігерлік жол апатынан жедел жәрдем келгенге дейін үш адам қаза тапты. Яғни, екі көліктің жүргізуші және Mercedes автокөлігінде отырған жолаушы. Көлік ішінде болған 15 жастағы жасөспірім аман қалды, бірақ әртүрлі дәрежедегі жарақаттармен ауруханаға түсті.

Қазіргі уақытта үш адамның өмірін қиған апат бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу аясында бірқатар сараптама тағайындалды.

Өзгелердің жаңалығы