Алматы күніне арналған іс-шаралар онлайн форматқа көшірілді

16 Қыркүйек 2021, 19:30
1459
Бөлісу:
Алматы күніне арналған іс-шаралар онлайн форматқа көшірілді

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров жыл сайын қыркүйек айының үшінші жексенбісінде алматылықтар атап өтетін қала күнін мерекелеуді ұйымдастыру бойынша онлайн форматта жұмыс кеңесін өткізді.

Биыл Қала күніне орай іс-шараларды өткізудің екі нұсқасы әзірленді. Атап айтқанда, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың дамуына байланысты офлайн және онлайн-шаралар қарастырылған.

Қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, мегаполистің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. Бекшин Алматыда соңғы тәуліктерде коронавирус инфекциясына қатысты оң ПТР сараптамасы бар 704 науқастың анықталғанын, бұл жұқтырудың 0,49%-ға өскенін көрсететінін айтты. «Симптомды» науқастардың үлесі артуда, 9 қыркүйекте 96%-ға жетті. Демек, пандемия динамикасы тұрақсыз. Сондықтан коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу әрі Қала күнін ескере отырып, санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейту қажет.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілері арасында эпидемиологиялық қауіпсіздіктің белгіленген талаптарын бұзу жағдайларын тіркеу жалғасуда. Тек ағымдағы жылдың 9-12 қыркүйегі аралығында заңды тұлғалардың карантиндік шараларды бұзғаны жөнінде 34 факті анықталды, соның ішінде маска режимін сақтамау бойынша. Бұқаралық шаралар өтетін болса,онда жұқтыру қаупінің арта түсетіні анық. 

Кеңесті қорытындылаған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыз әрі Алматы қаласының әлі де «қызыл» аймақта екенін ескере отырып, барлық мәдени іс-шараларды онлайн режимде өткізуге шешім қабылданғанын айтты. Офлайн форматта өтетін барлық мәдени, ойын-сауық және бұқаралық көңіл көтеретін іс-шаралар тоқтатылды.

Алматыда Қала күнін мерекелеу аясында бірқатар нысандар ашық болады, яғни скверлер мен саябақтар, балабақшалар, мектептер жанындағы жаңа корпустар жұмыс жасайды, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға пәтер кілттері тапсырылады және және т.б. Вакциналанған қалалықтар карантиндік шектеулерді қатаң сақтай отырып, әлеуметтік және қайырымдылық шараларына қатыса алады.

Қала күнін мерекелеу кезінде мегаполис тұрғындары мен қонақтары дертті жұқтырмауы тиіс. Сондықтан, мониторингтік топтар Полиция департаментімен бірге ағымдағы жылдың 19 қыркүйегінен бастап алдағы апталарда белгіленген шектеулерді бақылау шараларын күшейтетін болады. Сонымен қатар, аудандар әкімдіктері еріктілер ұйымдарын тарта отырып, адамдар көп жиналатын жерлерде санитарлық посттар мен патрульдердің жұмыстарын жандандырады. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы вакциналануды кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады, қалалықтарға ыңғайлы болу үшін жылжымалы егу пункттері жұмыс істейтін болады.

Алматы қаласының әкімдігі COVID-19-ға қарсы вакциналануға және профилактикалық шараларды сақтауға шақырады. Бетперде тағуды, әлеуметтік қашықтықты сақтауды есте ұстаған жөн. Өткен тәулікте бірінші компонентпен 3 033 адам, екінші компонентпен 3 448 адам егілді. Барлық кезең ішінде 919 907 адамға I компонент, 807 786 адамға II компонент салынды. Алайда вакцина алғандар саны екі миллиондық мегаполисте ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін жеткіліксіз. Ағымдағы жылдың 16 қыркүйегіндегі халықтың иммундық қабаты халықтың ресми санының 48%-ын құрады. Алматылықтарды вакциналануға шақырады, ол үшін медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет және спорт нысандарында, базарларда және қаланың СОСО 160 егу пункті жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы