Алматы қоғамдық көліктері 41 экологиялық автобуспен толықты

16 Ақпан 2021, 13:28
1497
Бөлісу:
Алматы қоғамдық көліктері 41 экологиялық автобуспен толықты

Алматы, BAQ.KZ.  Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында коммуналдық және қоғамдық көліктерді жүйелі жаңарту және экологиялық таза отынға көшіру қаланың экологиясын жақсарту және жолаушылар тасымалы сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылатынын айтты.

Жолаушылар тасымалы саласы айтарлықтай жаңғыртылды. Бүгін экологиялық таза отынмен жүретін 41 жаңа автобус жолға шықты. №45, 70 сияқты бағыт бойынша  қатынайтын автобус паркін жаңартамыз, - деп жазды Сағынтаев.

Сыйымдылығы 90 адамға арналған үш есікті 12 метрлік жаңа автобустарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жылжымалы платформа бар. Автобустар бейнебақылау, жолаушы ағынын есептейтін автоматты жүйе және жүргізушінің жағдайын бақылайтын датчикпен жабдықталған. 

«Алматыэлектротранс» коммуналдық автопаркі барлығы 150 автобусты жеткізуге келісімшарт жасады. Қалған 109-ы жақын арада келеді. Сондай-ақ жеке тасымалдаушылар 83 автобус, соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша биыл жолаушылар тасымалы паркі 233 экологиялық таза көлікпен жаңартылады.

Жалпы қалада 20 автобус паркі жұмыс істейді. Онда 147 бағыт бойынша қатынайтын 1940 бірлік автобус бар. Соның ішінде 393-і газбен, 14 электр автобус, 160 троллейбус, сондай-ақ мыңнан астамы дизель отынымен жүреді.

Өзгелердің жаңалығы