Алматы қаласы МӘМС-ке 99,5 млрд теңгеден астам жарна аударған

18 Ақпан 2021, 12:21
1683
Бөлісу:
Алматы қаласы МӘМС-ке 99,5 млрд теңгеден астам жарна аударған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев онлайн брифингте айтты.

Медициналық сақтандыру қорына МӘМС жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2021 жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта 529,1 млрд теңгеге жуық қаржы жинақталған. Жарна көлемі жағынан жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде екен. 

Осы уақыт аралығында Алматы қаласынан 99,5 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 79 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің жасаған аударымдары болса, қалған 20,5 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндерге тиесілі. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша 2019 жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 197 мыңнан астам адам 392,3 млн теңге көлемінде БЖТ төлеген, - дейді Әбілдаев. 

Медициналық сақтандыру қоры осымен төртінші жыл қатарынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге ақы төлеп келеді. 2021 жылы Алматы қаласы бойынша қос пакет бойынша 186,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. Оның 109,5 млрд теңгесі ТМККК пакеті, 77,3 млрд теңге МӘМС пакетіне тиесілі.

Қордың жеткізушілер базасында Алматы қаласы бойынша 317 жеткізуші тіркелген. 10 ақпандағы мәліметке сүйенсек, Алматы қаласында қос пакет шеңберінде 183 денсаулық сақтау нысанымен 179,2 млрд теңгенің келісімшарты бекітілген. Жеткізуші клиникалардың 44%-ы мемлекеттік, 56%-ы - жекеменшік клиникалар, - деді филиал директоры.

ТМККК пакеті бойынша 152 денсаулық сақтау субъектісімен 104,3 млрд теңгенің келісімшарты бекітілген, оның 47%-ы - мемлекеттік, 53%-ы - жекеменшік.

МӘМС жүйесінде 163 нысанмен келісімшарт жасалған, келісімшарттың жалпы сомасы – 74,9 млрд теңге.

Өзгелердің жаңалығы