Алматы хайуанаттар бағында бүгінде 3,5 мыңға жуық жануар өмір сүреді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Сондай-ақ 235-тен астам адам жұмыс істейді.
Оның ішінде 120-130-ы жануарларға қызмет көрсетеді.
Тамағын беріп, жағдайын жасайды.
Күн шыға салысымен жануарлар терезеге телміре қараумен болады. Мысалы, гиббон торына сыймай секіріп, жылы ауа райына ерекше қуанады.
Зообақта барлығы жануарлардың 370-ке жуық түрі бар. Олар жыртқыш сүтқоректілер, тұяқтылар, приматтар, жыртқыш құстар, экзотикалық құстар, экзотариум және аквариум бөлімдеріне бөлінген.
Мамандар қоршаудағы жануарларға тас және өзге де заттарды лақтыруға болмайтынын айтады. Себебі бұл жануарлардан бөлек, адамдар үшін де қауіпті болуы мүмкін. Кейде шимпанзелер тас лақтырған адамдарға бетонды ойып алып, өздеріне қайта лақтырады екен. Бірақ зообаққа келушілер адам тәріздес жануаларға жылы қабақ танытатын болса, маймылдар оған билеп, бар өнерін көрсететін көрінеді.
Алматы хайуанаттар бағының әлеуметтік желісінде төл дүниеге келген бетте "Қандай ат қояр едің?" деген жазба жарияланады. Қала тұрғындары мен қонақтар сол жазбаның астына өздері қалаған атауларды ұсынады. Мамандар мағынасы терең, жануарға сай келетін есімді таңдап қояды. Жануарларға ат қою рәсімі осылай өтеді. Негізі жануарлар басқа хайуанаттар бағынан әкелінгенде өз аттары болады. Ал приматтар бөлімінде ішкі дәстүр бойынша жаңа туған маймылдың баласын кім бірінші көрсе, сол есім береді, - деді Алматы хайуанаттар бағының даму жетекшісі Ақжами Рахимова.
Күн сайын хайуанаттар бағын 10–15 арнайы қызметкер тазалайды.
Тазалау жұмыстары таңертең сағат 8.00-де қоршауды ретке келтіруден басталады.
Содан кейін ішетін ыдыстары жуылады, қоршаулар тазаланады, сыпырылады.
Ветеринарлар барлық секция бойынша жануарларды аралайды. Әр ветеринар өзіне қарасты жануарды жақсы біледі.
Келушілердің көпшілігі түсте, түстен кейін келіп жатады. Ол кезде жануарлар күннен, адамдардың терезелерді тақылдатуынан шаршап, ұяларына кіріп кетеді. Осы ретте, айтарым, сіздер жануарлардың үйіне келдіңіздер, әдеп сақтап, оған құрмет көрсетіңіз. Кейде балалардың айқайлап, терезені тақылдатып, жануарларға тыным бермейтінін көреміз. Олар да тіршілік иесі, тыныштық пен жайлылықты қалайды. Жануарлардың да ауа райына байланысты көңіл-күйлері өзгеріп тұрады. Жаңбырлы күнде сіркелері су көтермей, ұйқышыл келеді. Ал жылы күндері көңілдері де көтеріңкі болады, – деді Ақжами Рахимова.
Хайуанаттар бағының негізін аңшы, өз саласының білгірі Мырзахан Төлебаев қалаған.
Алғашқы жылдары 1937 жылы зообақта 70 түрлі жануар тіркелген екен.