Алматы дінтанушылары Құрбан айт мерекесін үйде өткізуге шақырды

20 Шілде 2021, 14:33
1377
Бөлісу:
Алматы дінтанушылары Құрбан айт мерекесін үйде өткізуге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының Дін істері басқармасы мұсылмандардан Құрбан айт мерекесін тойлау кезінде шектеу шараларына түсіністікпен қарауды өтінді. 

Алматы қаласы Дін істері басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке азаматтардан қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескеруге әрі құрбан шалу орнына келмеуге, үйде намаз оқып, мерекені шағын отбасылық ортада атап өтуге шақырды.

Алматыда коронавирусқа байланысты жағдай күн сайын нашарлауда. Індет кезеңін кез келген діндар адам  ислам діні талап еткендей даналық, кішіпейілділікпен қабылдауы керек. Біздің ортақ міндетіміз мерекені жайлы, қауіпсіз өткізу. Халықтың денсаулығы қазір бәрінен де маңызды, – деді Дін істері басқармасының өкілі Ерғали Көшеке. 

Сонымен қатар Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты қала мешіттерінде Құрбан айт мерекесіне арналған дұғалар оқылмайды. Дінге сенушілерге үйде екі рәкат намаз оқу ұсынылды.
Сағат 10-дағы жағдай бойынша 800-ден астам адам құрбандыққа шалынған малдың етін алуға өтініш берді. 50 қой мен ірі қара құрбандыққа шалынып, 225 отбасына ет жеткізілді. Барлық рәсім санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, жұмылдырылған адамның ең аз қатысуымен өтеді, – деді Ерғали Көшеке.

Сөз соңында басқарма өкілі тағы да барлық діндарларды өздерінің әрекеттерін шектеуге, қонаққа бармауға, бұқаралық іс-шара өткізбеуге шақырды. 

Айта кетсек, өткен тәулікте Алматыда коронавирус жұқтырғандардың жалпы санына (63 мыңнан астам адам) тағы 629 адам қосылды. Өткен аптада науқастардың күнделікті өсуі тіркелді. 18 шілде күні тәуліктік өсім 798 науқасты құрады.
Өзгелердің жаңалығы