8 мамырда сағат 12.00-де Алматыда "Мусорги" флешмобы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Арт-жобаны 101 Dump Gallery креативті тобы ұйымдастырады. Акция экологиялық мәселелерге назар аударуға және халықты айнала қоршаған ортаны таза ұстауға ынталандыруға арналған.
Флешмоб келесі бағыттар бойынша өтеді:
- сағат 12.00-де Панфилов көшесі бойымен Қабанбай батыр көшесінен Жібек Жолы даңғылына дейін;
- сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін Панфилов көшесінен Абылай хан даңғылына дейін;
- сағат 14.00-де Жібек Жолы даңғылы-Байсейітова көшесінің қиылысында мәрелік қойылым өтеді.
"Мусорги" - бейсаналық тұтынуды, ұтымсыз пайдалануды және табиғи ресурстарға жауапсыздықты білдіретін ойдан шығарылған кейіпкерлер. Мысалы, «Әуе ханшайымы» ауаның ластануын, ал «Коқыс бике Мұнайбайқызы» - Алматының көрнекі орындарын ластайтын, оның ішінде мұнай өңдеу өнімдерінен, пластик пакеттерден, бөтелкелерден және т.б. жасалған қоқысты білдіреді.
Флэшмоб аясында қала аудандарының саны бойынша барлығы 8 кейіпкер ұсынылады. Оларды жасауға экобелсенділер, суретшілер және бей-жай қарамайтын қала тұрғындары қатысты.
Флешмоб "Алматы - біздің ортақ үйіміз" науқанының аяқталуына орайластырылған және қаланың экологиясы мен орнықты дамуы жөніндегі бастамаларды қолдауға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматы қаласында "Алматы – біздің ортақ үйіміз" науқаны өтуде. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады. Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ, веб-сайтқа қала бойынша орналастырылған баннерлер, постерлер, афишалардағы арнайы QR-код арқылы кіруге болады."