Алматы әуежайында Нипах вирусына қарсы шаралар өтті

Алматы әуежайында Нипах вирусы анықталған жағдайда әрекет ету шаралары пысықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 gov.kz 30 Қаңтар 2026, 20:11
30 Қаңтар 2026, 20:11
877
Фото: gov.kz

Алматы әуежайында Нипах вирусы анықталған жағдайда әрекет ету шаралары пысықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы халықаралық әуежайында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығулар өткізілді.

Оқу-жаттығу кіру пункті қызметтерінің аса қауіпті инфекцияларды, оның ішінде Нипах вирусын анықтау және оқшаулау бойынша дайындығын тексеруге бағытталды.

Оқу-жаттығуларға санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің, жедел медициналық жәрдемнің, инфекциялық стационардың мамандары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, кеден қызметі, полиция департаменті, сондай-ақ Алматы қаласының халықаралық әуежайының өкілдері қатысты.

Сценарийге сәйкес Нипах вирусына күдік тудыратын жолаушы анықталды. Барлық қызметтер әрекеттердің толық алгоритмін — бастапқы санитариялық-карантиндік бақылау мен оқшаулаудан бастап, шартты науқасты ауруханаға жатқызу, эпидемияға қарсы және дезинфекциялық іс-шараларды жүргізуге дейін пысықтады, - деп хабарлады Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі. 

Оқу-жаттығулар қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейдегі дайындығы мен үйлесімділігі расталды. 

Қолданыстағы алгоритмдердің әлеуетті биологиялық қатерлерге жедел ден қоюға және халық үшін тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік беретіні айтылды. Іс-шара соңында өткізілген жұмыс кеңесінде атқарылған жұмыстар талданып, өзара іс-қимылды одан әрі күшейту бойынша ұсынымдар әзірленді.

Айта кетейік, бұған дейін ДДҰ қауіпті вирустан сақтану жолдарын айтқан болатын. 

Наверх