Алматы әкімдігі ғимаратын тазалау жұмыстары толық аяқталды

2 Наурыз 2022, 17:47
1709
Бөлісу:
Алматы әкімдігі ғимаратын тазалау жұмыстары толық аяқталды

Алматы, BAQ.KZ. Қаңтар оқиғасында отқа оранған Алматы әкімдігі ғимаратының тазалау жұмыстары толық аяқталды. Оған жалпы саны 700-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған болатын.  Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Тарихи нысан қайта жөндеуден өтсе де, негізгі тарихи келбетін жоғалтпайды деп отыр мамандар. Әкімдік ғимаратын тазалау қаңтардың ортасында басталған, қазір онда құрылыс кезеңіне дайындық жүріп жатыр. Шатыр жабындысының негізгі қаңқасын алып тастап, құрылысшылар жарамды-жарамсыз бөліктерін анықтау үшін арнайы комиссияға табыстамақ.

20 қаңтардан бастап жиырма «КамАЗ» қоқыс шыққан шығар. Кірпіштер, темірлер, ағаштар бар. Енді мына кіреберістің үстін тазалап жатырмыз, - деді жұмысшы Жұмабек Есенаманов.

Құрылысы 1980 жылы басталған зәулім ғимаратта ірі бес кеңсе залы болған. Олардың әрқайсысы тарихи келбетін сақтай отырып, өзгеше дизайнмен әрленген еді. Ең өкінішітісі, олардың қазір сау-тамтығы қалмаған.

Қалалық құрылыс басқармасы өкілдері Алматы әкімдігі ғимаратының сыртқы қасбеті әуелгі архитектурасынан айнымайтындай мәрмәрдан қапталады деп отыр. Ал ұсынылған материалдың екі түрін таңдау үшін қоғамдық кеңеске саламыз дейді. Тағы бір айта кететіні, құрылысқа отандық өнім пайдаланылмақ. Мәрмәр тасты Шымкент пен Батыс Қазақстаннан әкелген екен.

Мұнда жобалық жұмыстар 20-25 наурызда бітеді. Содан кейін мемлекеттік сараптамаға береміз. Сол мемлекеттік сараптаманың нәтижесін 10-15 сәуірге дейін аламыз деген сенімдеміз. Аглай плитасы өзіміздің Қазақстандікі, оның үстіне, үлгі үшін Шымкенттегі Бесқұдық өңірінен тағы плиталар алдырдық. Плиталарды арнайы жүйелерге бекітуіміз керек, сондықтан біршама өзгерістер болады, - деді жайлы қалалық орта басқармасы басшысының орынбасары Сайлау Байназаров.
 

Өзгелердің жаңалығы