Алматы маңындағы үйлердің электр желісі қала тарифіне қосылады

7 Қыркүйек 2020, 11:37
2678
Бөлісу:
Алматы маңындағы үйлердің электр желісі қала тарифіне қосылады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы маңындағы үйлердің электр желісі қала тарифіне қосылады. Бұл туралы Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев онлайн брифинг барысында айтты.

Басқарма басшысы қалаға жаңадан қосылған аудандарда электр желісін жүргізу бойынша жұмыстар қалай атқарылып жатқанын баяндады. 

Алматы облысынан және саяжай аумақтарының бір бөлігі қалаға қосылғаны белгілі, қазір сол жерлерді сапалы элект қуатымен қамтамасыз етіп жатырмыз. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алғалы 30 жыл аралығында бұл жердің бәрінде азаматтар өз күшімен электр желілерін тартты. Қосалқы трансформаторлар қойылды. Бірақ бүгінгі таңда оның бәрі ескірді. Оған қоса олардың барлығы кәсіпкерлердің атында болғандықтан электр тарифтері әртүрлі болып келді. Мәселен, қалада тариф 17 теңге болса, ол жердегі тариф 25- 40 теңге аралығында болған, - дейді ол. 

Осы мәселені шешу үшін қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы арнайы тапсырма берген. Осыған байланыста алдыңғы жылы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, аудан әкімдігі аппараттарымен бірлесе отырып  544 мекенжай бойынша электр желілерін коммуналдық меншікке қабылданған. 

Бұл жерде 164 трансформатор, 756 электр желісін коммуналдық меншікке қабылдадық. Яғни оның барлығын «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на тапсырдық. Енді қала тұрғындарына келесі шарттарды орындау керек: алдымен жеке есеп шот ашу қажет. Бұл жерде біз «Алатау Жарық Компаниясы»  АҚ-ның техникалық шарт алуға тиіспіз. Ол үшін әр үйдің өз есептеу құралдары, оған қоса үй жанынан өтіп жатқан бағандағы электр сымын ауыстыру қажет болады.  Тұрғындарға осыдан артық талап қойылмайды,-дейді Әсет Масабаев. 

Қала тарифіне қосылу үшін тұрғындар «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мекемелеріне хабарласып немесе сайттарында көрсетілген мекенжайға арыз жазу керек. Арыз жазылған соң 5 күннен кейін техникалық нұсқау беріледі. Оны тез орындаса «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ қабылдаған құжаттың барлығын «Алматыэнергосбыт» мекемесіне береді. Яғни сізбен есеп шот ашылады да қаладағы тарифке қосыласыз.

Өзгелердің жаңалығы