Әлішердің наурыз көжесі

21 Наурыз 2023, 17:28
1325
Бөлісу:
Әлішердің наурыз көжесі
Фото: автордан

Биылғы Наурыз мейрамын Ақтөбе облысындағы өзбек ұлтының өкілдері ерекше тойлап жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Олар Наурыз мейрамын облыс орталығындағы Орталық және демалыс саябағында, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, Абай ескерткіші мен «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңдарында, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратында 
атап өтіп жатыр. 

Ақтөбе қаласындағы «Согдиана» өзбек этномәдени орталығының жетекшісі Әлішер Исматуллаев жыл сайын өз қолымен наурызкөже әзірлейді. Ер адам болса да ас әзірлеуді ерекше ұнататын ол жыл сайын осы мерекеде дәмді наурызкөжесін орталықтағы әріптестеріне алып келеді. 

Әлішердің наурыз көжесі

Өзбек пен қазақ халқының салт-дәстүрлерінде де, мерекеде дайындайтын ұлттық тағамдарында да өзара ұқсастық көп. Біз, өзбек халқында, Наурыз мерекесінде ең алдымен сумалак, самса, палау сияқты тағамдар дайындалады. Мен әріптестеріме, орталықтағы бауырларыма жыл сайын өз қолыммен наурызкөже әзірлеп әкелемін, — дейді кейіпкеріміз. 

Ол наурызкөжеге бидай, мейіз, күріш, өрік, сүт қосып әзірлейтінін айтады. Ең қызығы, Әлішер Исматуллаев наурызкөжесіне ет қоспайды екен. Сондай-ақ ол мейрамда өзбек халқының ұлттық тағамы сумалакты әзірлейді. Сумалак — жаңа өніп шыққан бидайдан жасалатын сұйық тағам. Көп уақытты қажет ететіндіктен, бұл тағамды өзбектер көбінесе бірнеше отбасы болып жиналып, үлкен қазанға пісіреді екен. Бидайды ет тартқышпен өткізіп, майдалап, кейін ұн мен май қосып, отқа қайнатады. Дәрумендерге бай, үлкен-кіші сүйсініп жейтін бұл тағам — өзбек халқының ұлттық тағамдарының бірі. 

Қазақ халқында наурызкөжеге, ең алдымен, ет салынса, біз бидай қосып дайындағанды ұнатамыз. Наурызкөже — молшылықтың жоралғысы ретінде кез келген отбасында дайындалатын тағам. Наурызда осы тағамнан міндетті түрлі ауыз тию керек. Сонымен қатар ұннан жасалатын бауырсақ, тандыр нан, самса сияқты тағамдардың да өзіндік қадір-қасиеті мол. «Ас атасы — нан» деп тегін айтылмаса керек. Сол үшін орталық мүшелері жыл сайын Наурыз мерекесінде дастарқан жайып, ұннан, бидайдан жасалған тағамдарды көп қылып әзірлейміз, — дейді Әлішер.

Оның айтуынша, өзбек халқы Наурызда сумалак, наурызкөжені үлкен қазанға көп адам болып бірлесіп әзірлейді. Себебі бірге ас әзірлеген адамдардың ынтымағы арта түседі, қазанның басында жүріп, ортақ мәселелерін де ақылдасып алады. Сондықтан өзбек халқы Наурызды өзге мейрамдардан ерекше атап өтеді. 

Наурыз — берекенің бастауы, жылдың басы. Сондықтан жыл сайын мейрамда біз ұлттық киімдерімізді киіп, алаңдарға шығып, өнерімізді паш етеміз. Жыл сайын ұйымдастырылатын мерекелік концерттерге, жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысып, өз үлесімізді қосамыз. Биыл Ақтөбе жерінде ауа райы жылынып, тамаша болып тұр. Наурыз мерекесін ерте бастап та кеттік. Кешелі бері Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында наурызкөже пісіріп, келушілерге, көшеден өткендерге ыстық бауырсақ тараттық. Мұндай берекелі, ерекше мереке басқа елдерде жоқ. Бұл мереке — осы елде тұрып жатқан барша ұлт өкілдерінің басын қосатын Ұлыстың ұлы күні, — дейді ол. 

Әлішер Исматуллаев Ақтөбе өңіріне 1985 жылы көшіп келген. Ол осыдан 20 жылдай бұрын облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған «Согдиана» өзбек ұлттық-мәдени орталығын басқарады. Ортасына сыйлы, қай кезде де өзгелерге болсын деп тұратын ол көпшілік-мәдени іс-шаралардан қалмайды. 

Отбасында екі ұл тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз қазір келін түсіруге дайындалып жүргенін айтады. Ол жылдағы дәстүр бойынша үйіне келетін жақындарына да наурызкөже әзірлейді. 

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 3 мыңға жуық өзбек ұлтының өкілі тұрады. Ал «Согдиана» өзбек этномәдени орталығында 30-ға жуық белсенді мүше бар.   

Өзгелердің жаңалығы