Алимент төлемегені үшін қылмыстық іс қозғалды: Жамбыл тұрғыны 3,2 млн теңге қарызын өтеді

Жамбыл облысында алимент төлеуден жалтарған 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың сегізі қамалып, алтауы айыппұл арқалады.

 istockphoto.com 28 Қараша 2026, 18:48
28 Қараша 2026, 18:48
172
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысының Талас ауданында прокуратураның араласуынан кейін ер адам кәмелетке толмаған баласын асырауға төленетін 3,2 млн теңге алимент қарызын толық өтеді.

Талас ауданы прокуратурасының анықтауынша, жергілікті тұрғын 2023 жылдан бері кәмелетке толмаған баласына алимент төлеуден жалтарып келген. Алайда оның қарызын өтеуге мүмкіндігі болған.

Осыған байланысты ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында ол кінәсін мойындап, алимент бойынша берешегін толық өтеген. Сондай-ақ алдағы уақытта төлемдерді уақытылы жүргізуге міндеттенген.

Қылмыстық іс рақымшылық актісінің қолданылуына байланысты тоқтатылды.

Тағы бір борышкер қылмыстық тергеу басталғаннан кейін алимент бойынша қарызын толық өтеген. Оның ісі тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.

Бұдан бөлек, алимент төлеуден жалтарған 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың сегізі әкімшілік қамаққа алынса, тағы алтауына айыппұл салынды.

Наверх