Алимент – ең үлкен мәселе – Әділет департаменті

8 Тамыз 2022, 12:38
1789
Бөлісу:
Алимент – ең үлкен мәселе – Әділет департаменті

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сот актілерін орындау туралы баспасөз конференциясы өтті деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ең үлкен мәселе – алимент. Алимент бойынша бізде 1776 іс проблемалық болып табылады. Өзіміз жасаған талдау қорытындылары бойынша бұл мәселе борышкерлердің жұмысқа орналаспағанынан. Осы себепті биыл Әділет департаментімен, Алматы қаласының прокуратурасымен және жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесе отырып екі рет бос жұмыс орындары туралы жәрмеңке жарияладық. Оның қорытындысы бойынша 57 адамды жұмысқа орналастырып жатырмыз, - деді Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Жаңабай Ағманов. 

Ол сондай-ақ алименттен қасақана жалтарғандарға қолданылып жатқан әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы айтты. 

Алименттен қасақана жалтару фактілері бойынша 82 адамды әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Бір тәуліктен бес тәулікке дейін қамау шарасын қолданып отырмыз. Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес 6 қылмыстық іс қозғалды. Оның екеуі бойынша Алматы  қаласы сотымен бір жылға дейін бас бостандығынан шектеу туралы үкім шықты, - деді департамент орынбасары. 

Сонымен қатар, спикер борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту нәтижесінде биыл 85 млн теңгеден астам сомаға берешек төленгенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы