Әлихан Смайылов қайтадан Үкімет басшысы болды

30 Наурыз 2023, 11:49
1823
Бөлісу:
Әлихан Смайылов қайтадан Үкімет басшысы болды
Фото: primeminister.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Премьер-министрдің лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын қолдап, дауыс берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс депутаттары AMANAT партиясы ұсынған кандидатқа дауыс берді.

Смайыловтың кандидатурасын 82 депутат қолдады. 7 депутат қарсы болса, 8 депутат дауыс беруден шет қалды.

2023 жылы 29 наурызда Президент Жарлығымен Үкімет отставкаға кетті. Осы күні Смайлов Премьер-министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Бұған дейін Президенттің қабылдауында болған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Премьер-министрдің лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынған болатын.

Әлихан Смайылов1972 жылы 18 желтоқсанда дүниеге келген.

1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

1993–1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

1999–2003 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2003–2006 жж. — ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

2006–2009 жж. — ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰХ президенті.

2009–2014 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2014–2015 жж. — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.

2015 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

2018 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының қаржы министрі болып тағайындалды

2020 жылдың мамырынан Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары

2022 жылы 05 қаңтарда Президент Жарлығымен Үкімет отставкаға кетті. Осы күні Смайлов Премьер-министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалды. 2022 жылы 11 қаңтарда Парламенттің жалпы отырысында Президенттің ұсынысымен бір ауыздан сайланды. (89 депутат дауыс берді)

Өзгелердің жаңалығы