Әлихан Смайылов: Адамдардың отандық медицинаға деген сенімін қалпына келтіру керек

28 Ақпан 2023, 12:30
688
Бөлісу:
Әлихан Смайылов: Адамдардың отандық медицинаға деген сенімін қалпына келтіру керек
Фото: Үкімет

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгін өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, онкологияға шалдыққандар диагноздарын тым кеш біледі. 

Диагноз тым кеш анықталады. Жергілікті медициналық мекемелердің жағдайы нашар, медицина қызметкерлері мен дәрі-дәрмектер жетпейді деп жиі шағым айтады. Мұның бәрі қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім-жітімнің көбеюіне әкеледі. Мысалы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында ауруды ерте бастан анықтау деңгейі өте төмен және қайтыс болу деңгейі жоғары. Бұл – жүйелі түрде шешуді қажет ететін өте маңызды мәселелер. Адамдардың отандық медицинаға деген сенімін қалпына келтіру керек. Олар үнемі тексеруден өтіп, сапалы ем қабылдауы қажет, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сондай-ақ ол қатерлі ісікпен күресудің жаңа кешенді жоспарының неге бағытталғанына тоқталды. 

Біз осы үшін жаңа онкологиялық клиникаларды салып, жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді сатып аламыз, заманауи емдеу әдістерін енгізіп жатырмыз. Онкологиялық аурулармен күресудің жаңа кешенді жоспары осыған бағытталған. Онда ұсынылған шараларды жалпы қолдаймыз, - деді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар назар аударылуы тиіс мәселелерді атады. 

Скринингтік бағдарламалармен қамтылған азаматтардың үлесі 20 пайыздан да аз болып отыр. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық тексерудің, әсіресе онкологиялық аурулар бойынша тексерудің нысаналы топтары мен бағдарламаларын кеңейтуі керек. Адамдарды өз денсаулығына барынша мұқият қарауға, тиісті талдаулар мен тексерулерден үнемі өтіп тұруға ынталандыру керек. Ол үшін Денсаулық сақтау  және Ақпарат министрліктері әкімдіктермен бірге ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуі қажет, - деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр қатерлі ісіктерді ерте анықтау үшін диагностиканың неғұрлым тиімді шараларын ұсыну қажет деп отыр. Әлемдік тәжірибені ескеріп, жетекші қазақстандық ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың сарапшыларын тартуды тапсырды. 

Өзгелердің жаңалығы