Әлихан Бөкейхан бастаған қозғалыс антиколониялық болды – Мәмбет Қойгелді

5 Наурыз 2021, 16:15
3007
Бөлісу:
Әлихан Бөкейхан бастаған қозғалыс антиколониялық болды – Мәмбет Қойгелді
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелді ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған жиында Алаш қозғалысының мақсат, мүдделері туралы баяндады.

Оның айтуынша, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш орда қозғалысы біріншіден ұлт-азаттық қозғалыс әрі антиколониялық, антиимпериалистік қозғалыс болған. Бұл тап қозғалысы емес, оның басында жұмысшы, шаруа сияқты таптардың мүддесі тұрмаған, жалпы елдің тағдыры тұрған. 

Ал, Ленин бастаған қозғалыс ол таптық қозғалыс болды. Ол пролетариат диктатурасын, әлемдік революцияны көздеді. Алаш орда қозғалысы ондай емес, бұл таза ұлт-азаттық болды, мұның өзектілігі осында. Біздің жерімізге, елімізге қатысты империалистік көзқарастар әлі де бар,-деді ол. 

Сонымен қатар ол Алаш орда қозғалысы несімен өміршең болды дегенге тоқталды.

Олар қазақ жеріне, оның асты, үсті байлығына ие бола алатындай мемлекет құруды және соған сүйеніш болатын интелектуальды ұлт қалыптастыру ісін қолға алды. Алаш бағдарламасында ғылымға, білімге көп көңіл аударылған. Олар мемлекет құрған кезде мына жерге ие болу қажеттігін түсінді. Қазақ жерінің байлығы халықтікі болу керек деді. Егер халық өз жерінің байлығына ие бола алмаса ол мемлекеттің құны төмен. Сондықтан Әлихандар жердің байлығына қазақ ие болу керек деген ұстанымда болды. Ахмет Байтұрсынов елімізде бірінші университет ашылғанда: «Қазаққа университет интелектуаль ұлт жасау үшін керек. Әйтпесе қазақ аштықтың немесе өзгелердің құрбаны болып жүре береді» дейді. Бұл жерде олардың ғылымға үлкен мән бергенін көруге болады,-дейді тарихшы.

М. Қойгелді сөз арасында Бөкейханов бастаған алашордалықтар нағыз ұлт-азаттық қозғалыс құра білгенін айтты.

Алаш қозғалысы дегеніміз – ұлт-азаттық қозғалыс. Қозғалысты бастағанымен оның идеологиясын, бағдарламасын жасау бір мәселе. Егер идеологиясы, бағдарламасы және тұжырымдасамасы болмаса ол қозғалыс болмайды. Әлихан осы бағытта жақсы еңбек етті. Сол кездегі «Қазақ» газетінде ұлттық идеология көп көтерілді, өйткені қазақ қоғамында ол кезге дейін ұлттық идеология болған жоқ. Бөкейханов, Байтурсынов және Дулатов қазақ зиялыларының қолдауымен ұлт-азаттық иедеологиясын жасады,-дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы