Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған жиында айтты.
Жазушы Бейбіт Қойшыбаев - Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхан жайлы алғаш мақала жариялаған жандардың бірі. Жиын барысында ол Ә. Бөкейхан ақталғанымен, оны үкімет бірден дұрыс қабылдай алмағанын айтты.
Қазақстан Тәуелсіздік алғалы Әлихан Бөкейхан жақсы зерттеліп жатыр, ол туралы көптеген еңбек жарық көрді. Дегенмен алғашқы жылдары зерттеу жұмыстарын бастау оңай болған жоқ. Ұлт көсемі 1989 жылы мамыр айында КСРО жоғарғы сотының пленумында ақталды. Сол жылы маусым айында «Қазақ әдебиеті» газетінің қос бетіне ол жайлы мақала жарияладым. Оны үкімет бірден қабылдай алмады. Газет шықты, бірақ дүңгіршекте болмады. Содан мен қайта құру саясаты жүріп жатыр, газетті арестқа алғаны несі, бұл қалай болғаны деп Нұрекеңнің атына телеграмма жібердім. Кейін Мырзатай Жолдасбеков қабылдап, «арест деген не сөз, ауыр сөз ғой бұл, газетті жібертеміз» деп шығарып салды. Сол күні түстен кейін газет шықты. Қайта құру саясаты дүрілдеп тұрған күннің өзінде Әлихан жайлы газетке шығару оңай болған жоқ, - дейді ол.
Сонымен қатар ол Алаш орда қозғалысының шырқау шыңы 1917 жылғы желтоқсандағы ІІ съезд болғанын айтты. Сол жиында қозғалыстың мақсатын түйіндейтін шешімдер қабылданған.
Олар Петербургтегі көтеріліске қарсы, яғни Совет үкіметіне қарсы жақсы ұйымдасты, алайда шешуші сәтте пікір екіге айырылды. Әлиханның тәжірибесі мол әрі сақ адам болды, ол бірден автономия жариялағанымыз дұрыс емес деген пікірде болды. Ал Ресейден революцияны көріп келген, Ленинге дейін барып, кеңесіп келген Жаһанша Досмұхамедов ол жақта онархия лықсып келе жатыр, оған қарсы тұрмаса болмайды, міндетті түрде автономияны жариялауымыз керек деген ұстанымда болған. Осы жерде олардың пікірі екіге бөлінді, - дейді Б. Қойшыбаев.
Ол қазіргі тарихшыларға алашордалықтардың автономияны жариялау тұрғысындағы пікірлерінің екіге айырылуына үңіліп, зерттей түсу қажет деген пікірде.
Тарихшылар осы тұсын қарау керек, автономия жариялағаны дұрыс болар ма еді, әлде дұрыс болмас па еді дегенді зерделеу қажет. Бұл - келешекте талдап, зерттеп көретін нәрсе, - дейді ол.