Алғыс айту күні мен Көрісу күні біріктірілсе, мән-мазмұны арта түседі – Мұхамедиұлы

14 Наурыз 2021, 15:40
2079
Бөлісу:
Алғыс айту күні мен Көрісу күні біріктірілсе, мән-мазмұны арта түседі – Мұхамедиұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Көрісу күнінің мән-мағынасы туралы айтып, отандастарын мерекемен құттықтады. 

Құрметті достар, Көрісу мерекесі құтты болсын! Бұл күні әрбір жанға амандық-саулық, елімізге құт-береке тілеймін! – деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы Instagram желісінде.

Оның сөзінше, қазақ үшін «көрісу» – тек адамдардың амандасып, жақсылық тілейтін, қауышатын мерекесі ғана емес, бір-біріне ізет көрсетіп, алғыс айтатын күн.

Осы күнге жеткеніміз үшін және бір жылды амалдағанымыз үшін баршаңызға алғыс айтып, өздеріңізбен қауыштым. 14 наурыз көнеден келе жатқан дәстүр. Мұндай мереке дүние жүзінде сирек кездеседі. Бүгінде Батыс өңірінде ғана атап өтілетін керемет күнді Қазақстан халқының тұтас мерекесіне айналдырғанымыз абзал, - деп атап өтті экс-министр.

Бұл күн – қайырымдылықты, әлеуметтік ынтымақтастықты және өзара көмек көрсетуді қолдау секілді рухани дәстүрлер күні.

1 наурыз - «Алғыс айту күні» Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуымен байланысты белгіленгені және Тәуелсіз мемлекетімізді құру жолында еңбек еткен барша халықтың бір-біріне құрмет білдіретін күні болып табылатынын білесіздер. «Алғыс айту күнінің» мәні ел бірлігіне, ынтымаққа бастайтын Көрісу мейрамымен мазмұндас, - дейді Ұлттық музейдің директоры.

Бұған қоса, еліміздегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, ортақ құндылықтарды насихаттауға арналған – «1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні» де атап өтіледі.

Осы орайда бұған дейін мәлімдегенімдей, 1 Наурыз – Алғыс айту күні мен Көрісу күні біріктірілсе, бұл күннің мән-мазмұны одан сайын арта түсер еді деп ойлаймын, - деп ұсынысын жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы.


Өзгелердің жаңалығы