1 наурызда елімізде Алғыс айту күні атап өтілетіні белгілі. Бұл күн Қазақстанда 2016 жылдан бері мейрам ретінде тойланып келеді. Әлемде Алғыс айту мерекесі бар ма? BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрген болатын.
Америкадан бастау алған мейрам
Алғыс айту күні АҚШ-та сонау 1620 жылы басталған. Америка жағалауына екі ай бойы жүзіп келген ағылшындық Mayflower кемесінде болған жолаушылардың аман қалғаны жергілікті халықтың көмегімен әупірімдеп қыстан аман шығады. Олардан аң аулап, бұршақ, жүгері, асқабақ егуді үйренеді. Осылайша, жер ауып келгендер мереке ұйымдастырып, оған тұрғындарды шақырады. Thanksgiving Day (Алғыс айтатын күн) деген атау алған мейрамды америкалықтар қазір дәстүрлі отбасы күні деп санайды. Отбасы мүшелері бір дастархан басында бас қосып, күркетауық етін жейді.
Канадада Құдайға алғыс айтатын күн
Канадалықтар алғыс айту күнін L'Action de Grâce күні деп атап, қазанның екінші дүйсенбісінде тойлайды. Олар мерекені 1578 жылы Мартин Фробишердің Ньюфаундлендке көшіп келуімен байланыстырады. Арғы аталарының Атлант мұхитынан аман-есен өтуі осы күнмен дөп келген. Канадада Құдайға алғыс білдіретін күн ретінде қалыптасқан.
«Күз ортасындағы фестиваль»
Вьетнам мен Қытайдың кей өлкелері алғыс айту күнін Tet Trung Thu деп атап кеткен. Грегориан күнтізбесіне сәйкес, мейрамды қыркүйектің аяғы мен қазанның басында атап өту дәстүрі қалыптасқан. Қазақшаға аударғанда «Күз ортасындағы фестиваль» деген мағынаға ие атаулы күнді жергілікті халық асыға күтеді. Себебі бұл күні жерге жауын жіберетін, мол астық алуға себеп болатын айдаһарға алғыстарын білдіреді. Ауыл-аймақ болып тойланатын мерекенің өткізілуі де ерекше. Түнде айға қадала қарап, елдің болашағына болжам жасайды. Балаларына түрлі-түсті киім кигізіп, шеруге шығады. Бұл олардың аңызға сәйкес балалар айдан туылатындығына сенетіндігімен байланысты.
Барбадос үш ай тойлайды
Барбадоста алғыс айту Crop Over деп аталады. Маусым-тамыз айларында тойланатын мейрам дәстүрлі астық жинау мерекесі ретінде қалыптасқан. Ол әдетте үш айға созылады. Карнавалдар, би фестивалі, түрлі сауық кештерімен жалғасады. Халықтың қант құрағын жинау науқанына тұспа-тұс келетін мерекеде Табиғат анаға мол астық алғандары үшін алғыс айтатын болған.
Егін жинау мерекесі
Беларусь елінде Дажынкі күні атауымен алғыс айту мейрамы тойланады. Қыркүйек айының соңына сәйкес келетін бұл күнді егін жинау мерекесі ретінде қабылдайды. Алайда посткеңестік елдердің бірде-бірі егін жинау мерекесін бұлайша мемлекеттік деңгейде атап өтпейтін болған. Ауыл шаруашылығын экономикаларының негізгі саласына айналдырған беларусь халқы бүкіл республика ауқымында мерекені тойлауды дәстүрге айналдырған. Қазынадан қаражат бөлініп, мейрам қарсаңында жолдар мен мәдениет үйлерін жөндеп, тіпті музыканттарға саз аспаптарын үлестіреді. Ал мейрам күні астық үшін Жер-Анаға алғыстарын жаудырады.
Жапониядағы «Еңбек күні»
Жапонияда алғыс айту мерекесі Kinrō Kansha no Hi, яғни «Еңбек күні» деп аталады. Атаулы күн 1948 жылдан бері тұрақты түрде 23 қарашада тойланады. Соғыстан соң қалжырап, жұмыссыз қалған халықтың еңсесін көтеру мақсатында енгізілген мейрамда жұмыс берушілерге алғыс айтатын болған. Ал тарихқа көз жүгіртсек, күріштің мол өнім жиналғанына рахмет айту күні деп қарастырылған.
Нидерландыдағы бір қала ғана тойлайтын мейрам
Алғыс айту күнін ел деңгейінде емес, бір қала тұрғындары ғана тойлайтын ел бар. Мәселен, Нидерландының Лейлан қаласында бұл мереке ерекше атап өтіледі. Себебі Америкаға алғаш аяқ басқандардың қатарында лейландықтар болған деседі. Сондықтан қаланың байырғы тұрғындары алғыс айту күнін қалада атап өтуді дәстүрге айналдырған.