Тоқаев депутаттарды әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды

10 Қаңтар 2019, 17:27
7748
Бөлісу:
Тоқаев депутаттарды әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды

Астана, baq.kz тілшісі. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарды, орталық және жергілікті билік органдарының өкілдерін қоғамдағы түрлі жағдайларды дұрыс түсіндіру үшін әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін сауатты, жауапты әрі кәсіби түрде пайдалануға шақырды.

«Сенат депутаттарының көбі Парламентте өңірлердің мүддесін қорғайды. Депутаттық корпус пен атқарушы билік органдары, әсіресе өңірдегілер халықтың әлеуметтік проблемалары мен сұраныстарына баса назар аударуы керек. Бұған қоса, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіретін жағдайларға жол бермес үшін алдын алу шараларын уақытылы әрі жедел түрде қабылдауы қажет», - деді Тоқаев Сенат Бюросының отырысында.

Сенат төрағасы депутаттарды, орталық және жергілікті билік органдарының өкілдерін қоғамдағы түрлі жағдайларды дұрыс түсіндіру үшін әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін сауатты, жауапты әрі кәсіби түрде пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, ол сенаторларға Президент Стратегиясының мақсаттары мен міндеттері халыққа формалды түрде түсіндірілмеуі керектігін, мемлекеттің бүгіні мен ертеңі жайлы тартымды әңгіме күйінде болуы қажеттігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылына байланысты бірқатар ұсыныс та жасады. Оның айтуынша, сенаторлар мемлекет құрылысы істеріне қабілетті, белсенді өскелең ұрпақты тарту мақсатында үлкен жұмыс атқарулары тиіс. Спикер елордалық және өңірлік жоғары оқу орындары студенттерінің, кәсіпорындардың жас жұмысшылары мен компания қызметкерлерінің Сенатқа, оның ішінде палатаның жалпы отырыстарына, комитет отырыстарына келуін ұйымдастыруды ұсынды.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы