Әлеуметтік желіде жеке басқа тиісу қылмыс – заңгер

2 Тамыз 2021, 13:16
2698
Бөлісу:
Әлеуметтік желіде жеке басқа тиісу қылмыс – заңгер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қоғамда қазақтілділер арасында құқықтық сауат өте төмен. Бұл туралы Алматы қалалық адвокаттар алқасы, Алатау ауданының заң консультациясының меңгерушісі Шынқуат Байжанов онлайн брифинг барысында айтты.

Алматыда «Құқық мәдениеті» құқықтық сауаттылық айлығы басталды. Қала тұрғындары осы бір ай көлемінде адвокат, медиатор және заңгерлерден тегін консультация ала алады.

Байжановтың айтуынша, әсіресе қазақтілділер өз құқығын біле бермейді, соның кесірінен түрлі алаяқтардың арбауына алданып, опық жеп жатады екен.

Қазір көп адам ақша жинайтын «пирамида» құрып алған. Заңды білетін, сауатты адам олардың құрбанына айналмайды. Сонымен қатар кооператив дейтіндер ашылды. Қытайдан, Моңғолиядан келген қандастар жергілікті заңдарды біле бермейді, оны түрлі алаяқтар пайдалануда. Олар ақша жинап, «әрқайсыңызға үй алып береміз» деп уәде береді. Бұдан да халық көп зиян шегіп жатыр, - дейді ол. 

Сонымен қатар ол әлеуметтік желіде адамдар бір-біріне қатты сөз айтып, жеке басына тиісу белең алғаны заңды білмегендіктен дейді.

Әлеуметтік желіде адамдар заңды білмегендіктен, бірін-бірі қатты сөгіп, жеке басына тиісіп жатады. Мұның барлығы қылмыс. Қылмыстық кодексте оның барлығы қаралған. Тіптен, желідегі жазбалардың соңы өз-өзін өлтіруге дейін әкеп жатыр. Мұның барлығы заңды білмегендіктен, - дейді заңгер.

Осы тұрғыда халықтың құқықтық сауатын көтеретін «Құқық мәдениеті» құқықтық сауаттылық айлығын өткізу бастамасы дұрыс шешім болған. Адвокат, медиатор, заңгер және ҮЕҰ өкілдері қала тұрғындарына бір ай көлемінде тегін кеңес береді.

Байжанов кез келген үлкен жобаны бастарда немесе ақша саларда заңгердің көмегіне жүгіну артық етпейтінін айтады.

Халыққа айтарым, үлкен бір істі бастарда немесе бір жобаға ақша салмас бұрын заңгердің кеңесін алған жөн. Егер алаяқтың құрбанына айналсаңыз, кейін зиян шегесіз және адвокатты жалдап қанша ақша жұмсайсыз. Сондықтан үлкен іске бармас бұрын заңгермен ақылдасқан дұрыс, - дейді ол.
Бұған дейін алматылықтар бір ай көлемінде құқықтық кеңесті тегін ала алатынын хабарлаған болатынбыз.
Өзгелердің жаңалығы