Әлеуметтік зерттеу: Қазақстандықтардың қаржылық сауаты өскен

21 Қаңтар 2022, 11:35
1966
Бөлісу:
Әлеуметтік зерттеу: Қазақстандықтардың қаржылық сауаты өскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық  деңгейін және олардың «БЖЗҚ» АҚ-ға деген сенім дәрежесін айқындайтын жыл сайынғы тәуелсіз әлеуметтік зерттеудің қорытындысы шықты, деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.

Зерттеу Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаланың тұрғындары арасында, қала және ауыл жұртшылығына телефон арқылы және тікелей сауалнама жүргізуді қоса алғанда, аралас жүргізілді. Барлығы 3000 респонденттен сұхбат алынды, оның 48,52% ер азаматтар, яғни 1 455 адам. Ал әйелдер сәл көп болды - 1 545 адам (51,48%). Респонденттердің әлеуметтік мәртебесі жағынан үлесі мынадай: жалдамалы қызметкерлер  2 085 адам (69,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 768 адам (25,6%) және жұмыссыздар 147 адам (4,9%).

Респонденттерді қызмет салалары бойынша бөлсек, сұралғандардың  арасында 572 адам (немесе 19,07%) коммерциялық бизнес саласында жұмыспен қамтылған, одан әрі ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін қызметкерлер – 463 респондент (немесе 15,43%), білім беру және тәрбие саласының қызметкерлері - 452 респондент (немесе 15,07%), мемлекеттік сала қызметкерлері – 334 респондент (немесе 11,13%). Сұрау салынғандардың арасында ғылым саласында жұмыс істейтіндер бәрінен де аз болып шықты – 27 респондент (немесе сауалнамаға қатысқан адамдардың 0,90%).

Зерттеу сауалнамасының негізгі бөлігі Қазақстан халқының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылығын анықтауға, сондай-ақ, Қазақстанның зейнетақы жүйесі мен БЖЗҚ-ға деген сенім дәрежесін анықтауға бағытталған 25 сұрақтан тұрды.

Зейнет жасындағы қаржылық әл-ауқаттың негізгі көзіне қатысты халықтың пікірі бірінші сұрақта көрініс тапты. Бұл ретте сауалдың негізгі мақсаты - респонденттердің зейнетке шыққан кезде  өздерінің болашағы үшін жеке жауапкершілігін қаншалықты түсінетінін және оған қаншалықты көңіл бөлетіндерін анықтау болды.

Жүргізілген сауалнама көрсеткендей, көпшілік  қаржылық әл-ауқаттарының негізгі көзі мемлекеттен және БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы болады деген пікірді ұстанады.  2271 адам немесе сауалнамаға қатысушылардың 75,70% осылайша жауап берді. 288 респондент (9,60%) өз бизнесіне сүйенеді, ал БЖЗҚ-дағы жинақтарынан басқа, өзге де жинақтарға 244 респондент немесе сұралғандардың 8,13% үміт артады, - делінген ақпаратта.

Зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық сауаттылық: базалық және ілгері деген екі деңгей бойынша талданды.

Қазақстандықтар базалық деңгей бойынша көптеген сұрақтарға дұрыс жауап берді. Жүргізілген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің басым бөлігі – 1475 адам (49,17%) «БЖЗҚ» АҚ міндеті – салымшылардың міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын шоғырландыру, зейнетақы жинақтарының жеке есебін жүргізу, зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру болып табылады деп дұрыс айқындады. Респонденттер сондай-ақ, зейнетақы жарналарының түрлері, төлемдер мен зейнетке шығу жасы туралы жақсы хабардар болып шықты.

1317 респондент (немесе сұралғандардың 43,9%) Қазақстанның барлық азаматтарына кепілдік берілген мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі туралы, еңбек өтілі бойынша мемлекеттік еңбек (ортақ) зейнетақы жөнінде, сондай-ақ, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналарынан қалыптастырылған жұмыскердің меншікті зейнетақы жинақтары есебінен БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері туралы құлағдар екен.

Жалпы алғанда, базалық деңгейдегі білім коэффициенті 69,9%  құрады, ол 62,0% болған былтырғы көрсеткіштен  асып түсті.

Ілгері деңгейді бағалау үшін сұрақтар күрделене түсті. Олардың жауаптары да әр түрлі болды. Мысалы, сауалнама көрсеткендей, сұралғандардың басым бөлігі немесе 1187 респондент (39,57%) зейнетақы активтерін инвестициялауды тек  ҚР Ұлттық Банкі жүзеге асырады деп санайды. Бұдан едәуір аз адам – 738 респондент (24,60%) инвестициялық табыс алу үшін зейнетақы активтерін инвестициялауға қатысты ИПБ міндетінен хабардар екен. Сонымен қатар, 721 респондент (24,03%)  инвестициялық табыс алу үшін зейнетақы активтерін инвестициялауды БЖЗҚ жүзеге асырады деген қате пікірді ұстанады, - деп хабарлады БЖЗҚ.

Респонденттердің басым бөлігі инвестициялық табыстың мөлшері бағалы қағаздар бойынша есептелген сыйақыға, бағалы қағаздардың нарықтық құнының және шетел валюталары бағамының өзгеруіне байланысты өзгеретіні, бұл ретте инвестициялық кірістің қор нарқындағы ахуалға байланысты оң да, теріс те болуы мүмкін екендігінен хабардар (1252 респондент немесе сұралғандардың 41,73%). Сондай-ақ, респонденттердің басым бөлігі зейнетақы жинақтарының қандай да бір инвестициялық активтерге салынатынын және инвестициялық табыс есебінен көбейетінін білетіндерін көрсетті (1307 респондент немесе сұралғандардың 43,60%).

Нәтижесінде, халықтың зейнетақы жүйесі туралы хабардар болуының ілгері деңгейінің жалпы білім коэффициенті 43,4% құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен бір жарым есе  жоғары. Еске сала кетсек, былтыр ол 27,5% көрсеткен болатын.

Жалпы, зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі зерттеу барысы көрсеткендей, жұртшылықтың едәуір бөлігінің қаржылық сауаттылық бойынша базалық білімдері бар және ол жыл сайын артып келеді. Бұл жолғы зерттеуде ілгері деңгейдегі білімнің едәуір  өскені атап өтілді.

Дәстүр бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен БЖЗҚ-ға деген сенім деңгейі шамамен бірдей мәнге ие. Яғни, респонденттер үшін БЖЗҚ – жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады, әрі олардың БЖЗҚ-ға жинақтаушы зейнетақы жүйесін жүзеге асыру операторы ретінде қарайтындарын көруге болады. 2021 жылы Қорға деген сенімнің орташа деңгейі 5,8 баллды құрады (ең төменгі мәні 1, ең жоғарғы мәні 10 балл), яғни нәтиже орташадан жоғары. Бұл жолы ең жоғары балл Батыс Қазақстан (6,8), Қарағанды (6,6) және Шығыс Қазақстан (6,5 балл)  облыстарында тіркелді.

 

Өзгелердің жаңалығы