Әлеуметтік қызметтер порталында жаңа қызмет түрі пайда болады

9 Сәуір 2024, 20:12
547
Бөлісу:
Әлеуметтік қызметтер порталында жаңа қызмет түрі пайда болады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Әлеуметтік қызметтер порталында оңалтудың техникалық құралдарын жедел жеткізу қызметі пайда болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше,  15 сәуірден бастап Әлеуметтік қызметтер порталында мүгедектігі бар адамдарды қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру аясында Астана, Алматы және Шымкент қалаларында оңалтудың техникалық құралдарын  жедел жеткізуді іске асыру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылады.

Мүгедектігі бар адамдарды ОТҚ-мен қамтамасыз ету оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Әлеуметтік қызметтер порталындағы бұл қызмет ОТҚ алудың екі әдісін қарастырады: алып кету және жеткізу. Бүгінгі күні жеткізу қабылдау пункті арқылы жүзеге асырылады, ал өңдеуден кейін курьерге беріледі. Орташа алғанда, бұл процесс 8 күн уақытты алады.

Пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде ОТҚ-ның барлық түрін 1 күн ішінде жеткізуді қамтамасыз ету жоспарлануда. Экспресс-жеткізу операторы «Яндекс Деливери Кейзет» ЖШС курьерлік қызметі болады.

Пилоттық жоба ОТҚ экспресс-жеткізудің тиімділігін бағалауға және оң нәтиже болған жағдайда оны Қазақстанның бүкіл аумағына масштабтау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы