Әлеуметтік қолдауды қажет ететін 4800 бала лагерге жолдама алды

16 Маусым 2023, 20:45
1524
Бөлісу:
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін 4800 бала лагерге жолдама алды
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Маңғыстауда балаларға арналған жазғы лагерлер өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстауда биыл балалардың демалысын тиімді өткізу мақсатында жазғы демалыс 2 бағытта ұйымдастырылды. Алғашқы бағыт жазғы сауықтырумен 7 мен 13 жас аралығындағы 145 мың бала қамтылады. Ал екінші бағыт бойынша 7 мен 18 жас арасындағы 144 мың оқушы мектеп жанындағы лагерлерге жолдама алды.

Өңірлік білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанованың айтуынша, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында 5 маусымнан бері 239 сауықтыру орны жұмыс істеп тұр. Оның ішінде қала сыртындағы «Балдәурен», «Фламинго», «Ақбөбек» лагерлеріне маусымнан тамызға дейін әлеуметтік қолдауды қажет ететін 4800 бала жолдама алды. 

Жаз мезгілінде бос уақытын тиімді əрі танымдық ортада өткізген балалардың көзқарас көкжиегі кеңейіп, ой-өрісі өрбиді. Сол себепті мемлекет әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына арнайы қолдау көрсетіп отыр. Мәселен биыл «Балдәурен» демалыс базасында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық лагерінде 300-ге жуық оқушы демалып, кәсіби бағдар алатын болады. «Өз еліңді таны» жобасының аясында еліміздің оңтүстік өңірлеріне, Көкшетау қалаларына 120 бала экскурсияға жіберіледі, - деді Айжақсы Тұржанова. 

Ал жазғы демалысты ұйымдастырудың екінші бағыты бойынша мектеп жанынан тамақтандырумен 92 лагерь және тамақтанусыз 98 кәсіптік және 46 шатырлы лагерь ашылды. Кез-келген оқушы мектеп жанында жасақталған лагерьлерде еңбекпен айналысып, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік іс-шараларға ат салыса алады. 

Биыл облыс бойынша 62 мың бала туристік-өлкетану бағытындағы облыс, республика аумағында экскурсия секілді танымдық-туристік шараларға қатысады. Оның ішінде 10 маршруттық жорық бойынша өз өңіріміздегі «Жұмбақ Түпқараған», «Саура-Форт Шевченко-Тамшалы», «Жығылған», «Қаратау қазыналары», «Отпан тау», «Оңды - Әбіш ауылы», «Бекет ата мешіті», «Шопан ата-Бекет ата», «Бозжыра», «Қаракөл» елді мекендеріне саяхат жасайды. 

Сондай-ақ 40 мың бала «Жас ұлан»,«Жас қыран» әскери патриоттық және тілдік, дебаттық үйірмелерімен қамтылады. Оқушылар білім ордасы жанындағы аула клубтарына, ІТ сыныптарына, робототехника және басқада спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелеріне тегін барады. Сонымен қатар өңірімізде жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану және оларды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында жастар қоршаған ортаны абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша ақылы түрде қызмет атқарады. 

Жоба аясында 1500 жас жұмыспен қамтылады. Атап айтқанда Ақтау және Жаңаөзен қаласында– 600, Бейнеу – 270, Мұнайлы – 170, Маңғыстау – 180, Түпқараған – 120, Қарақияда – 200 жас жұмыс істейді. Жоба өңіріміздің барлық қала – аудандарындағы жастар ресурстық орталығының үйлестіруімен жүзеге асырылады. Жобаға 14 – 29 жас аралығындағы өңір жастары қатыса алады. Құжат тапсырушылардың арасында ең бірінші әлеуметтік мәртебесі бар отбасының балаларына басымдық берілді. Жобаға құжат қабылдау 2023 жылдың 2 мамырында басталған. Қазіргі таңда құжат қабылдау кезеңі аяқталып, жастар өз жұмысына кірісті, - деді Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Абылай Фазылбек. 

Жастардың жалақысы ҚР – ның заңнамасына сәйкес 70 000 теңге көлемінде есептеледі. Жастар жоба аясында бөлініске сай әр аудан мен қалада 2 немесе 3 кезеңге бөлініп қызмет етеді. Əрбір жасқа тек 1 кезеңдік жұмыс жасау мүмкіндігі берілген. Одан бөлек, жазғы демалыс уақытында Жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» жасағының жастарын оқыту, кездесулер, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастыру көзделген.

Өзгелердің жаңалығы