Жетісу облысының құрылғанына бір жыл толуына орай Талдықорған қаласында үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдеріне пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Өңірдің іргесі қаланғанына көп бола қойған жоқ, десе де жыл басынан бері бірнеше пәтер елге табыс етілді. Облыста тұрғын үй кезегінде 29,1 мың адам тұрса, оның 15 мыңнан астамы Талдықорғанға тіркелген.. Міне, бүгін солардың алды қоныс тойын тойлауда.
Тұрғын үйге ие болғандардың басым бөлігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І-ІІ топ мүгедектері, толық емес және көп балалы отбасылар және басқа да әлеуметтік әлжуаз топтың өкілдері. Осы ретте өңір басшысы Бейбіт Исабаев жиналған қауымға ақжарма тілегін арнап, жаңа баспананың кілтін табыс етті.
Шын мәнісінде жыл басында айтқандай, қала бойынша 2 мыңға жуық үй тұрғындарға табысталады. Біз сол уәдеде тұрамыз. Жыл басынан бері 4-ші үлкен үйді берілгелі отырмыз. Бұл әрбір азаматтың тіршілігі үшін маңызды нәрсе. Жаңа биліктің негізгі тапсырмасы сапырылқан цифрлармен емес, нақты жұмыспен көрініс табады. Мемлекет басшысы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді негізге алып отыр. Өкінішке қарай, кезегі келсе де кейінге шегерілген тұрғындар бар. Бүгінде 17-18 жыл тұрған азаматарымыз үй алып жатыр. Кезектің тізімі жоғалған. Біз бәрін ретке келтіріп жатырмыз,- деді Бейбіт Исабаев.
Бүгін 36 отбасы жаңа пәтерге көшпек. Алдынғы аптада облыс күніне орай тағы да 36 баспананың кілті табысталған болатын.
Жыл аяғына дейін өңірде 322 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Оның тең жартысыбюджет есебінен салынады. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 есеге артық.
Менің жасым сексеннен асты. Осы сәтті көптен күттім. Тіпті, осы қуанышқа жетпеймін бе деп те ойладым. Кезегімді күткеніме бірнеше жыл болды. Ұмытып та қалдым. Қаншама жыл өтті кезегім келмей, немесе кейін шегініп әбден уайымға батырды. Мен өте қуаныштымын. Жаңа келген өңір басшысына, әкімдерге алғыс білдіремін, - деді зейнеткер Папов Владимир Александрович.
Биыл өңір орталығында 51 көп пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріледі. Шілдеде 3 көп пәтерлі үй, тамызда 4 үй иесін таппақ. Осылайша 2 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойламақ. Бұл рекордтық көрсеткіш. Алдағы 4-5 жылда кезекте тұрғандардың саны екі есеге кемімек.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, былтыр 295,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 19,3 мың ш.м. – бюджеттен салынса, 35,4 мың ш.м. – коммерциялық тұрғын үй, қалған 240,6 мың ш.м. халықтың өз есебінен тұрғызылған.