Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов дарынды балалардың әлеуетін ашуға жағдай жасалып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ биылдан бастап ел тарихында алғаш рет халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары (2022 жылы 27 жеңімпаз) 4,5 млн теңгеге дейін сыйақы алды.
Сонымен қатар бұған дейін дарынды балаларды да, әлеуметтік осал топтан шыққан балаларды да қолдауда меритократия тепе-теңдігін сақтаудың маңыздылығын көрсететін халықаралық зерттеулер туралы айтқан болатынмын. Мемлекет басшысы әлеуметтік осал отбасылардан шықан балаларды қолдау және білім берудің инклюзивтілігін дамыту жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырма аясында тиісті бұйрыққа қол қойдым. Бұл құжат әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға мамандандырылған мектептерге түсу үшін 15 пайыз квота алуға мүмкіндік береді, - деп жазды министр.
Яғни енді осындай отбасылардан шыққан 1500-ға жуық бала жаңа квота бойынша «БИЛ», «Дарын» және т.б. мектептерге оқуға түсе алады.
Бүгінгі таңда жаңа бұйрықтың арқасында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар осындай мамандандырылған мектептерге қабылданды. Тұрмысы төмен болғандықтан қосымша білім алуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін осындай мектептерде оқуға мүмкіндік беру олардың болашақтағы жетістіктеріне оң әсер ететініне сенім бар. Бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ұсыныстары аясында колледждер мен жоғары оқу орындарына түсуге осыған ұқсас квоталарды енгізген болатынбыз. Сол шешімнің арқасында мыңдаған балалар оқуға түсті. Біз жас дарындарға да, өзін әлі көрсете алмағандарға да тең жағдай жасауымыз керек. Ал ұстаздарымыз озат балаларға да, оқуда үлгерімі нашар болса да, қолдау мен жылы сөзге мұқтаж балаларға да мейіріммен қарайды деп үміттенемін, - деді Асхат Аймағамбетов.