Елорданың елді мекендерінде автономды жылу көздері арқылы жылытылған әлеуметтік нысандар бар. Олар автономды жылу көздері арқылы, яғни, көмір немесе бірнеше есе қымбат дизель отыны арқылы жылытылды, деп жазды Астана әкімі Алтай Көлгінов.
20 әлеуметтік нысанның (Алматы және Сарыарқа ауданы) 13 нысаны газға ауыстырылды, қалған 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында елді мекендердегі бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерді жылытқан 3 аудандық жылу қазандығы да бар. Бұл объектілерді газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады. Мысалы, бұрын №40 мектеп дизельдік отынмен жылытуға жылына 160 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсаса, газбен бұл сома шамамен 4 есеге азайды, - деп жазды ол.
Ал, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының үнемдеуі жылына 60 миллион теңгеден асады.
Үйлерін газға ауыстырған Көктал-1 ауданының тұрғындарымен кездестім. Тұрғындар көмір сатып алудың, күлді тазалаудың, күні бойы үйде отынды қадағалаудың қажеті жоқ екендігін, сондай-ақ, газдандыру экологиялық таза және қауіпсіз екенін атап өтті. Күн сайын газға қосылған үйлердің саны артуда. Бүгінгі күні газға 6 мыңнан астам үй қосылды. Сарыарқа және Алматы аудандары газбен толық қамтамасыз етілді. Ол үшін 680 км астам газ тарату желілері салынып, орамішілік желілер жөнделді, - деді әкім.
Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмыстары жүргізілуде (2023 ж. орамішілік желілер). Осы жылы аудан қазандықтарына "Тұран", "Тельман" және "Ильинка" (Үркер), "Өндіріс", "Тельман", "Пригородный", "Family Village", "Garden Village" шағын аудандарына газ тарту желілерінің құрылысы басталды. “Шұбар” шағын ауданында жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғын үйлерді газға қосуды жеңілдету үшін бұған дейін бірқатар шаралар қабылданды: үйлерді газға қосу үшін құжаттар тізімін екі есе қысқарттық; халықтың мұқтаж санаттарына бөлетін соманы екі есе ұлғайттық (430 мыңға дейін); газды есептеу аспаптары (есептегіштер) тегін беріледі; үйді газдандыру үшін бөліп төлеу және банктер арқылы пайызсыз несие беру. Елорданы газдандыру Мемлекет басшысының бақылауында. Газдандыру қаланың экологиясын едәуір жақсартып қана қоймай, жеке сектор тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, - деді Көлгінов.