Әлеуметтік кәсіпорындар көбінесе гранттар мен қайырымдылыққа тәуелді – Әшімбаев

Бүгiн, 17:01
117
Бөлісу:
Әлеуметтік кәсіпорындар көбінесе гранттар мен қайырымдылыққа тәуелді – Әшімбаев
Фото: сенат

Бүгін Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған аталған бағыттағы әлемдік көшбасшылар, ESG саласындағы жетекші сарапшылар, қоғамдық және халықаралық ұйымдар мен қайырымдылық қорлардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Мемлекет басшысының құттықтауында әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайы белсенді, азаматтық ұстанымы айқын, қоғамда игі құндылықтардың орнығуына атсалысып жүрген кәсіпкерлер, сарапшылар және көшбасшылар бас қосатын бірегей диалог алаңы екені айтылған.

Әлеуметтік кәсіпкерлік әлем экономикасының маңызды қыры саналады. Осы бағыттағы бастамалар инклюзивті орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс сапасын жақсарту ісінде ерекше рөл атқарады. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікке айрықша мән беріледі, оған жан-жақты қолдау көрсетіледі. Соның арқасында бизнестің жасампаздық пен жанашырлыққа негізделген осы түрі елімізде қарқынды дамып келеді. Бұл саланың өкілдері түрлі мәселенің түйінін тарқататын инновациялық тәсілдер ұсынып жүр. Бүгінгі басқосуда да салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін. Форум Еуразия халықтары арасындағы серіктестікті нығайтуға серпін беріп, өзара ықпалдастықты арттыра түсері сөзсіз, – делінген ел Президентінің құттықтау хатында.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазір әлемде уақыт өткен сайын әлеуметтік кәсіпкерлікке сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бизнес инвесторлар, мемлекеттік құрылымдар және жалпы қоғам тарапынан көбірек қолдауға ие.

Бұл ретте Қазақстан да бизнестің аталған санатын орнықты дамудың ұлттық стратегиясының бір бөлігі ретінде мақсатты әрі жүйелі негізде қолдап, өркендетіп келеді. Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен осы бағытта нақты шаралар қабылданғанын және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жөнінде заңнамалық өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Нәтижесінде былтырдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне тіркелген компаниялардың саны айтарлықтай артқан.

Әлеуметтік кәсіпкерлер өзекті қоғамдық мәселелерді шешу жолында мемлекеттің маңызды серіктестері екенін атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Сондай-ақ Әлеуметтік кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлер қызметінің құқықтық мәртебесін анықтауға және оған қажетті құқықтық негіз қалыптастыруға жол ашты. Осыған байланысты әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау алу мүмкіндігіне ие болды, – деді Палата спикері.

Дегенмен, Мәулен Әшімбаев атап өткендей, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында бірқатар өзекті сын-қатерлер бар. Оларды еңсеру үшін кешенді жұмыс және барлық мүдделі тараптың іс-әрекетінде бірыңғай тәсіл қажет. Осыған байланысты Сенат Төрағасы әріптестерін Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия аясындағы үш міндет төңірегінде бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Әлеуметтік кәсіпорындар көбінесе гранттар мен қайырымдылыққа тәуелді. Сондықтан әлеуметтік жобаларды қолдау үшін микроқаржыландыру тетіктерін және басқа механизмдерді дамытудың маңызы зор. Оқыту және тәлімгерлік бағдарламаларын іске асыру әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың негізгі бағыттарының бірі бола алады. Сондай-ақ өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары жанынан жұмыс істеуге қолайлы кеңістік ұсынып қана қоймай, консультациялық қызметтерді, оқыту мен тренингтерді және қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ететін арнайы инфрақұрылым қалыптастырған абзал. Парламент депутаттары осы және басқа да мәселелерді шешу үшін әлеуметтік кәсіпкерлермен, сондай-ақ, барлық мүдделі тараппен бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге мүдделі, – деген Мәулен Әшімбаев әлеуметтік кәсіпкерлер мен ел ертеңіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтардың бастамаларына одан әрі қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Құрылтай барысында ауылдарда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұсыныстар, сапалы білім мен денсаулық сақтауға қолжетімділікті арттыруға қатысты бірлескен жобалар бойынша тың бастамалар және саланы одан әрі жетілдіруге арналған ұтымды пікірлер айтылды. Іс-шарада Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров, Ұлттық экономика министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің және Еуразиялық топ басшылығының өкілдері, сондай-ақ, Ресейден, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан және халықаралық ұйымдардан келген қатысушылар сөз сөйледі.

Айта кетейік, Еуразиялық құрылтай аясында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған түрлі форматтағы іс-шаралар, оның ішінде тақырыптық тренингтер, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы