Әлеуметке қауіпті әлеужелі

30 Қыркүйек 2024, 22:14
582
Бөлісу:
Әлеуметке қауіпті әлеужелі
Фото: baq.kz

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы күні кеше дабыл қаға бастады. Себеп сол – жасөспірімдердің әлеуметтік желіні жиі әрі үздіксіз пайдалануы. Кез келген дәрігер, психолог бүгінгі таңда әлеуметтік желіден келіп жатқан қауіп-қатердің артқандығын жазуда.

Әлем бойынша дабыл қағып отырған мамандар әлеужеліге тәуелділіктің артып бара жатқандығана алаңдаулы. Ал біздің елде әлеуметтік желі пайдаланушылардың дені кімдер? Жасөспірімдер мен балалардың бұл жағдайлардағы үлес салмағы қандай. Аздаған шолу жасап көрдік.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының соңғы зерделеулері бойынша, бүгінде әлеуметтік желілерге тәуелді жасөспірімдердің әлемдік үлесі 7%-дан 11%-ға дейін өскен.

Әлеуметтік желілермен байланысты проблемалық мінез-құлық бүкіл әлем бойынша жасөспірімдердің 11% әсер етеді. 2018 жылы бұл үлес 7 пайызды құрады. Бұл мәліметтерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) еуропалық бөлімі «Жасөспірімдер, экрандар және психикалық денсаулық» баяндамасында атап өтті. Зерттеу 2022 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеу қорытындысы көңіл көншітерлік емес. 2022 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарында кәрі құрлық – Еуропаның, Орталық Азияның және Канаданың 44 аймағындағы 11, 13 және 15 жастағы 280 мыңға жуық жасөспірім қамтылған.

Зерттеу жұмыстарында жазылғандай, әлеуметтік желілерді пайдаланумен байланысты ең бірінші жасөспірімдерде проблемалық мінез-құлықтар қалыптасқан. Жасөспірімдер әлеуметтік желілерде өткізетін уақытын бақылай алмайды немесе сол уақыт аралығында келеңсіз іс-әрекеттерді (олар үшін эксперименттік жұмыс болуы мүмкін) санасына сіңіреді. Психологиялық тұрғыдан әлеуметтік желілерді жиі пайдаланатын жасөспірім шақтағылар әлеуметтік желілерге кіре алмай қалса, немесе өзіне ұнаған контентке қол жеткізе алмаса ол баланың санасында әлденеге алаңдаушылық пен орынсыз ми тітіркенуі болуы мүмкін. Олар айналадағы өтіп жатқан іс-әрекеттерді, жан-жақтағы мәселелерді елемейді, тек санасы әлеуметтік желілерде отыруды қалайды және т.б.. сияқты орнықты емес көңіл күйде жүред. Зерттеуде көрсетілген проблемалық мінез-құлық мысалдары, ғалымдардың айтуынша, не нәрсеге болсын тәуелділікті еске түсіреді.

Бұл ретте проблемалық мінез-құлық ұлдарға (9%) қарағанда, қыздарда (13%) көбірек көрінеді. Жасөспірімдердің 36% әлеуметтік желілер арқылы достарымен үнемі байланыста болуға тырысады, бірақ бұл қалау (интерес), яғни ұлдарға қарағанда қыздар арасында жоғары. Жасөспірімдердің 34% күнделікті онлайн ойындарды ойнайды, ал 22% кем дегенде төрт сағат ойнайды, - деп жазылған баяндамада.

Зерттеу мамандары «цифрлық сауаттылықтың өте маңызды, заман талабы екенін» айта кеткен. Дегенмен, бірақ, оның көптеген елдерде цифрлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтінін және «ол барлық жерде бірдей технологиялық жетістіктер мен жастардың мүдделеріне сәйкес келмейтінін» атап өтеді.

Біз бұл олқылықтың салдарын көріп отырмыз және үкімет, денсаулық сақтау жүйелері, мұғалімдер мен ата-аналар бұл жағдайдың негізгі себептерін түсініп, оны түзету үшін әрекет етпесе, ең қауіпті кезең әлі алда, - деп жазады баяндама авторлары.

Сонымен біздің елдегі балалар қандай әлеуметтік желілерді көбірек қолданады?

Қазақстандағы зерттеулер бойынша әлеуметтік желідегі жасөспірімдер көбінесе YouTube, TikTok және WhatsApp қосымшаларында ұзақ уақыт өткізетіні анықталды.

2022 жылы Kaspersky компаниясының зерделеуі бойынша, аталған жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда балалар арасындағы ең көп қолданыста болған танымал қосымша интернет желісі YouTube болған. YouTube-тың үлес салмағына сол жылдың алғашқы үш айында ең танымал он қосымшада өткізген уақыттың 30%-ға жуығы тиесілі болған. ТОП-3 критерийі бойынша WhatsApp және TikTok желілері де көш бастап тұрған. Бүгінгі таңда да балалар мен жасөспірім жастардың негізгі бөлігі осы үштікте отырады. қазақстандық сарапшы мамандар да уақытында аталған әлеуметтік интернет қосымшаларына қадағалауды, оларға байланысты киберқауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынған.

Заманауи технологияның пайдалы қызметтері балалардың мүддесін жақсы түсініп, оларды қауіпті ақпараттан қорғауға көмектеседі. Алайда техникалық мүмкіндіктерді қолданған кезде жеке шекара туралы ұмытпауымыз керек. Өйткені, бала – бұл кішкентай тұлға, – деп жазған болатын Kaspersky компаниясының Орталық Азиядағы коммерциялық директоры Валерий Зубанов.

Бүгінгі таңда балаларлың әлеуметтік желіні пайдалануы мектеп мұғалімдері үшін бас ауыртар ең үлкен проблеманың біріне айналғаны даусыз. Жаңа заман педагогі жалпы интернеттің балаға, оның ішінде мектеп оқушысына кері әсері туралы ой қозғады.

Әлеуметке қауіпті әлеужелі

Қазіргі уақытта адамдардың әлеуметтік желілер мен интернетке тәуелділігін заман талабымен түсіндіру қалыпты болып бара жатыр. Иә, мойындайтындай-ақ жағдай... Бұрынғыдай хат жазу, кітапханаларда отырып керегіңді кітап бетінен оқу, теледидар, газет беттерінен жаңалық есту нормадан шыққалы қашан. Жаңа технология мен ұшқыр интернет өмірімізді айтарлықтай жеңілдеткені де рас. Алайда, осының зардабын тартып жатқанымызды да жасырмауымыз керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл қоғамдық, тіпті әлемдік дерт десек те болғандай. Ең қиыны, қазіргі жас буынның әлеуметтік желі мен виртуалдық ойындарсыз өмірді елестете алмайтындай тәуелділікке тап болғаны. Әлеуметтік желі, әрине, ретімен пайдалансақ, тиімді әрі мүмкіндігі мен берері мол құрал. Бірақ біздің жастар бар уақытын сонда өткізіп, шынайы өмір мен желідегі өмірдің айырмасын білмей, тұңғиыққа батып барады. Қазіргі таңда оқушы мен студент жастар арасында сөйлеу дағдысы айтарлықтай ақсаған. Айтар ойы мен сөйлер сөзінің ұштаспай, күмілжіп не болмаса өзгеше бір желілік сөздермен шүлдірлеген жастарды бүгінгі кезде орта мен алғы буын тіпті түсінбейді де. Одан бөлек, желіде өмір осы екен деп адасып, абырой мен ардан аттап, түрлі қисындағы, бейәдеп сөздермен видео салушы жастар көбейді. Бұны адасу демей не дерсің?! Ал, виртуалды ойындардың дерті тым ауыр. Атыс-шабысты былай қойғанда, дәл өмірдегідей етіп ситуация беріп, балалардың ойын, санасын алаңдататын түрлі қауіпке толы ойындар да жетіп жатыр. Жас ұрпақ өмірді желімен шатастырып алды бүгінде. Ата-ана да балаға телефон ұстата салып, күнделікткі тіршілікпен әуре-сарсаңға түсті. Мейлі, санаулы ғана ата-ана бар: балаға шынымен жауапты – бір сағат та бос уақыт қалдырмай үйірме, қосымшаларға жазып, баруын, қатысуын міндеттеп, қадағалап оыратын ата-ана бар. Дегенмен, бұл жүздің оны ғана. Әсіресе, ауыл мектебіндегі балалар түрлі ойындардың, арзан тик-тоқ, инстаграм жаңалықтарының шылауында жүр. Тіпті үй тапсырмасын әлеуметтік желіден қарап, айна-қатесіз көшіріп келетін оқушылар қатары артты. Бұл болашақ үшін қорқынышты жағдай, педагог ретінде қатты алаңдаймын бұл жағдайға. Білім алу саласында бұл айқын көрініс табуда. Соңғы уақыттарда оқушылардың ойлау қабілеті нашарлап, логикасы төмендеген. Бұған тікелей себеп – осы виртуалды ойындар мен әлеуметтік желілер.

Барлық игіліктерді орнымен пайдалану мұндай кері әсерлерге апармас еді. Әлем сәттік айналыммен өзгеріп жатқанда қазақы қоғам да одан тысқары қала алмасы анық. Десек те, жастарды осындай қатерге қалдырып қарап отыру мүмкін емес. Бүгінгі мектеп бағдарламасына осы жөнінде сауаттылықты енгізген абзал сияқты, - деп ой түйіндеді педагог Жанна Аманғалиқызы.

Алайда, әлеуметтік желіні пайдалану тәртібін сақтай отырып, тек пайдалы контенттер көруді үйретіп, интернеттің зиянды тұсын ашық талқылып, бала санасына жеткізі білетін ата-аналар да баршылық. Соның бірі – көпбалалы ана Гаухар Момынжанова. Көпбалалы ана баласын бақылауда ұстап, қысым көрсетуді емес, жақсылап, сабырмен түсіндіре білу керектігін ұсынады.

Әлеуметке қауіпті әлеужелі

Әрине, бала балалығын жасайды. Интернетті белгілі бір уақыт шектеуімен көргенді ұнатпайды. Жасына лайықты контент көргенді, яғни біздің шегелеп «көр» деген дүниені көргісі келмейді. Егер, ата-ана әлеуметтік желіге өзі құрбан болмай, баланың өзіне жауапкершілік артып, саналы түрде адам тәрбиелеймін десеңіз, онымен, яғни баламен жүйелі жұмыс жасау керек. Дер кезінде түсіндіре білу керек. Ненің жаман, қай тақырып зиян, неге көруге болмайтынын, денсаулықтың маңызын баламен жұмыс жасау арқылы ұғындыру маңызды. Әрине, заман талабы, басқа қызығушылықтар, әлеуметтік желіні көруге итермелейді. Бала бәрібір көреді. Тек уақыт шектеуімен, бақылаумен көрсету дұрыс. Бірте-бірте бала да соған бейімделеді, ыңғайлады. Әлеуметтік желінің пайдасы да жоқ емес. Баланың өзін-өзі ашуына, көпшілікпен ортақ заманауи әңгімелесуіне, жалпы дүниеден хабары болуға көмектеседі. Егер, ата-ана баламен бұл тақырыпта ашық сөйлесе алса, мәселе жоқ деп ойлаймын, - дейді Гаухар Момынжанова.

Иә, әлем қазір қарқынды дамып жатыр. Заман көші, түрлі қызықты контент, бала тұрмақ, үлкен адамдарды да өзіне жіпсіз байлап алған. Елімізде фейсбук, инстаграм, телеграмм, тик-ток қазір ересек адамдардың арасында да танымал.

ulys.kz сайтының 2024 жылдың сәуіріндегі мәліметі бойынша, еліміз бойынша Instagram-ға – 12,1 миллион, Facebook-қа – 2,6 миллион, ал соңғы екі жылдың ішінде TikTok-қа – 14,1 миллионнан астам қазақстандықтар тіркелген екен. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Премьер-минситр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында әлеуметтік желілердің балаларға қауіпі мен пайдасын зерделеуді керектігін жазған.

Жалпы, мемлекеттің болашағы біздің жеткіншек ұрпақтың рухани, моральдық бет-бейнесіне байланысты. Сондықтан болашақ ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп, сырттан келген моральдық қауіп-қатерге төтеп беріп, ұлттық кодымызды сақтаудың тетігін қоғам мемлекет болып бірге қалыптастыру керек. Бұл – біздің болашақ ұрпақты рухани құлдыраудан сақтап, ұлтымызды жаңа деңгейде қалыптастыратын Ұлы күрес! Сондықтан аталған әлеуметтік желінің ұлттық қауіпсіздігімізге, жастарымыздың моральдық бет-бейнесіне, денсаулығы мен психикасына төндіретін қаупін ескере отырып, ел Үкіметі келесі шараларды қолға алуды қажет:

1. Жуырда қабылданған онлайн платформалар заңына сәйкес ТикТоктағы адамзаттың моральдық және тағы басқа құндылықтарына қарсы келетін, яғни заңға қайшы барлық контенттерге шектеу қою.

2. Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаулау.

3. ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіндегідей балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізу, - деп жазған болатын депутат Ерлан Саиров сауалында.

Кейбір елдерде мемлекет тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп әлеуметтік желілерге шектеу қойылуда. Түрлі террористік әрекеттер де әлеуметтік желі арқылы жоспарланып, іске асырылуда деген ақпар тараған соң әрбір мемлекет өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Солардың бірі, мысалы, көрші Қырғыз Республикасы. Қырғыз Республикасы TikTok желісін шектеуге бір емес, бірнеше мәрсе ұсыныс-талап қойды. Мәселен, Қырғызстанның цифрлық даму министрлігінің байланысты реттеу қызметі операторларға TikTok желісін шектеу қажеттігіне байланысты хат жазып, "Балалардың денсаулығына, олардың дене, ақыл-ой, психикалық, рухани-адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу шаралары туралы" заң баптарының орындалмағанын алға тартқан. Яғни, қырғыз билігі ТіkTok әлеуметтік желісінде «контентке цензура қою жүйесі жоқтығы», нақтырақ айтқанда, айтқанда «балалардың ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігі» жөнінде хат жазған.

Сондай-ақ бауырлас түрік елі де Telegram-нан да бас тартуға бірнеше талпыныс жасады. Түркияда бұл арнаның қызметін қолданушылар арасында әлемде 10-шы орында болғанына қарамастан, арнаға құмар ойындарды насихаттау және есірткі, зиянды заттар сатады деген айып тағылған.

Түркияның Ақпарат және коммуникациялық технологиялар басқармасы Telegram-да заңсыз контент болуы туралы мыңнан астам ескерту жасаған. Дегенмен де, аталған басқармаға ресми жауап келмеген. Соның салдарынан мессенджер бұғатталуы мүмкін.

Бұл – есірткі сатылымы, құмар ойындар, жезөкшелік және педофилия насихатталатын арна, - деп жазды жергілікті БАҚ.

Сонымен қатар, түрік билігі 2024 жылы 2 тамызда Instagram әлеуметтік желісін бұғаттап қойған. Дегенмен бүгінде Түркияда бұл желіні бұғаттаудың күші жойылған.

Үндістан елі де ұлттық қауіпсіздікке қатер бар деп, 2020 жылдан бастап ТикТокқа толықтай тыйым салған. Ал индонезиялықтар 2018 жылдан бастап уақытша шектеу қойды. Бауырлас Өзбекстан мемлекетінде 2021 жылдан бастап Тик-Токқа тыйым салынған.

Әлемнің алпауыты, интернет, әлеуметтік желі қарқынды дамыған Америка Құрама Штаттарының үкіметі TikTok-қа ішінара шектеуді әлдеқашан енгізген. Еуропа Одағына мүше елдерде тіпті мемлекеттік қызметкерлердің жеке телефондарына TikTok орнатуға тыйым салынған.

Осы тұста баса назар қойып айта кететін жайт: TikTok-ты іске қосқан, оның авторы Қытай Халық Республикасында кәмелеттік жасқа толмаған балаларға «арнайы бала – TikTok» контенті жасап шығарылған. Бұл дегеніміз: қытайдағы балалар TikTok-тың бүгінгі біздің балалар пайдаланып жүрген толық форматын қолдана алмайды, арнайы шектеулер қойылған. Заңмен бекітілген талап бар.

Сонымен, дүрлігуге себеп те, салдар да жоқ емес. Еліміздегі балалар мен жасөспірімдер санасының, қала берді ұлттың саулығын ойласақ, әлеуметтік желілерге деген талапты біздің ел де қатаңдатуы керек.

Өзгелердің жаңалығы