Әлемнің рухани элитасы Қазақстанда бас қосады

Әлемнің рухани элитасы Қазақстанда бас қосады

Астанада биыл осымен жетінші рет өткелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі жиырма жылдай уақыттың арасында руһаниятпен қатар, адамзат баласын алаңдатқан мәселелер де талқыланатын дәстүрлі әрі маңызды диалог алаңына айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлы дала бойы ежелден сан өркениет пен мәдениет тоғысып, үндестік тапқан байырқалы байтақ. Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азияның мәдениеттері бір-бірімен танысып, табысып үлкен синтездер жүрген мекен.  Сондықтан да Еуразия кеңістігін ен жайлаған түркіден түлеген Қазақ жұрты әлемдік өркениетке де үлкен олжа салып, мол мұра қалдырды. 

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында Қазақстан мемлекеті жас болса да тарихи жадыны жаңғыртып, Ұлы даланың ұлық дәстүрін жалғап, әлемдік өркениет өкілдерінің басын қосып, рухани дипломатияның жаңа мектебін қалыптастырды.

Қазақстан егемендігін алған жылдары тұрақсыздық жайлайтын елдердің біріне айналу қауіпі басым болды. Сондықтан тұрақтылық, ұлтаралық татулық пен рухани келісім ғана дамудың даңғылына бастайтынын жақсы түсінді. Бейбітшілік пен толеранттылықты бағдар еткен еліміз 2000-шы жылдардың басынан бастап нақты қауіп-қатерлерді есепке ала отырып жаһандық ынтымақтастық пен диологты ары қарай дамытуға һәм әлемдік қауіпсіздік мәселесіне елеулі үлес қосып келеді. 

Астанада биыл осымен жетінші рет өткелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі жиырма жылдай уақыттың арасында руһаниятпен қатар, адамзат баласын алаңдатқан мәселелер де талқыланатын дәстүрлі әрі маңызды диалог алаңына айналды.

Қазіргі кезде әлем бұрын-сонды болмаған күрделі һәм шиеленіс күн сайын ушыққан ахуал үстінде тұр. Халықаралық қауымдастық геостратегиялық тартыс, соғыс, лаңкестік, басқыншылық, қырғи-қабақ қақтығыс  сынды өзге де түрлі проблемалармен бетпе-бет келуде. Оның үстіне соңғы жылдардағы пандемия тұтас адамзат баласының тіршілігіне зардабын тигізіп қана қоймай, барлық елдің экомикасына да салқынын тигізді. 

Алпауыт елдердің империялық пиғылдары да асқынып, көптеген елдер арасындағы алауыздық шарықтау шегіне жетті. Сондықтан Қазақстанда өтетін биылғы құрылтайдың маңыз зор болмақ. Әлемдік қауымдастық та ерекше мән беріп, белгілі бір деңгейде үміт артып отыр. 

Өйткені, ежелден діннің, руһани көшбасшылардың әлем саясатында ерекше рөлге ие екенін жақсы білеміз. Сондықтан дәл қазіргі әлемдік геостратегияның сәулеті қатты шытынаған уақытта мұндай платформалар аудай қажет. 

Бас қалада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің алдыңғыларына қарағанда ауқымы кең, деңгейі биік, сондай-ақ қатысушылары да көп болмақ. 

Әлемдегі аса ірі халықаралық іс-шараға елудей елден әлемдік, дәстүрлі және ұлттық діндер өкілдерінің жүзден астам делегациясы қатысу жоспарланған. 

Форум жұмысына әдеттегідей, түрлі әлемдік діни бірлестіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, белгілі саясаттанушылар мен әлемдік діндердің рухани көшбасшылары келеді. Биыл тарихта алғаш рет Рим Папасы Франциск келмек. Мәртебелі меймандар тізімінде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш, ИЫҰ, ICESCO, Өркениеттер Альянсы және өзге де халықаралық беделді ұйымдардың жетекшілері бар. 

Өзекті мәселелер көтерілетін маңызды диалог алаңыннан төрткүл дүниеге ақпарат тарату үшін әлем елдерінен 560-тан астам журналист аккредитациядан өтуге өтініш берген. Олардың 150-ден астамы CNN, BBC, Al Jazeera, Bloomberg сынды өзге де халықаралық ақпарат агенттіктерінің өкілдері.  

Осыдан-ақ алқалы жиынның белгілі бір деңгейде әлемнің күн тәртібінде болатынын шамалауға болады. Сарапшылар да әлемдегі ахуалдың сәл де болса тұрақтануына руһани көшбасшылардың үндеуі өз үлесін қосады деп болжайды. Қоғамдық, рухани және экономикалық тұрғыдан да мәні зор форумда жаһандық руханият проблемалары, лаңкестік, экстремизммен күрес,  адамзат руһаниятын дамыту, дұрыс құндылықтарды өрістету сынды өзге де өзекті тақырыптар талқыға түседі. 

Съез барысында Рим Папасы Франциск бастаған әлемдік руһаният қауымдастығы Ресей мен Украинаны бейбітшілікке шақыруы мүмкін.  Өйткені, Қазақстанның астанасы бітімгерлік пен бейбітшіліктің орталығына айналып келеді. Оған осында өткен Сирияда тұрақтылық орнатуға белгілі бір деңгейде ықпалын тигізген «Астана процессі» келіссөзін айтуға болады. Аралары атып түсірілген ұшақ дауынан кейін ушыққан Ресей мен Түркияны татуластырған Қазақстанның бітімгерлігі де жоғары бағаланады. 

Сондықтан әлемдік саясатта өз орны бар Қазақстанның бас қаласында жиын соңында қабылданатын қорытынды қарарда төрткүл дүниенің рухани элитасы ауызбірлік таныта отырып, қазіргі кезде адамзатқа ең қауіпті проблемаларды шешуге қатысты ортақ уәжге келеді.

  Ержан Қалымбайұлы, халықаралық журналист 

Бөлісу: