Орта держава дипломатиясы: Қазақстанның жаңа бағыты қандай болмақ?

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі түбегейлі өзгеріп, бұрынғы либералды тәртіптің іргесі сөгіле бастады.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 09:50
Бүгiн 2026, 09:50
102
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі түбегейлі өзгеріп, бұрынғы либералды тәртіптің іргесі сөгіле бастады. Бұл жайлы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Түркістан» газетіне берген мақаласында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенат төрағасының пікірінше, американдық гегемонияға негізделген жүйенің әлсіреуі, тарифтік соғыстар мен АҚШ-тың «әлемдік сақшы» рөлінен бас тартуы жаһандық өзгерістердің басты қозғаушы күшіне айналды.

Әлемдік тәртіптің геометриясы пирамида үлгісінен көлденең желілік құрылым форматына ауысуда. Жаңа сауда жолдарын іздеу, стратегиялық автономиялар мен жергілікті қауіпсіздік жүйесін құру үдерісі жүріп жатыр, – деді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда халықаралық қатынастарда қатаң идеологиялық блоктардың орнына икемді әрі прагматикалық одақтар қалыптасып келеді. Бұл өз кезегінде өркениеттік плюрализмді күшейтіп, жаһандық қақтығыстар қаупін азайтады.

Әлем өркениет тұрғысынан плюралистік ортаға айналуда. Бұл құндылықтарды күштеп сіңіру негізінде туындайтын жаһандық жанжал тәуекелін азайтады, – деп атап өтті Сенат төрағасы.

Әшімбаев жаңа қалыптасып жатқан жүйені белгілі халықаралық сарапшы Амитав Ачарья сипаттаған «мультиплекстік әлем» тұжырымдамасымен байланыстырады. Бұл модельде әлем бірнеше ірі державаның ғана емес, көптеген жаңа ойыншылардың ықпалымен дамиды.

Мультиплекстік әлем – көптеген жаңа ойыншының субъектілігіне мүмкіндік береді және Жаһандық Оңтүстік елдерінің рөлін күшейтеді, – деді ол.

Сенат төрағасы Батыс елдерінің бұл үдерістерге алаңдаушылықпен қарайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезең кейбір сарапшылар сипаттағандай «G-Zero» – айқын көшбасшысы жоқ әлемге ұқсайды.

Сонымен қатар ол қазіргі жаһандық экономиканың өзара тығыз байланысы елдердің тек бір блокпен шектеліп қалуына мүмкіндік бермейтінін жеткізді. Керісінше, көпвекторлы байланыстар жаңа мүмкіндіктер ашады.

Мультиплекстік әлем – ұтқырлықты, ресурстарды тиімді пайдалануды және өз мүддесін қорғауды талап ететін күрделі экожүйе. Бұл – орта державалар үшін үлкен мүмкіндік, – деді ол.

Әшімбаевтың пікірінше, Қазақстан дәл осы жаңа шындыққа сәтті бейімделген елдердің бірі.

Қазақстан – мультиплекстік әлемге бейімделген орта державаның айқын мысалы. Бұл жай ғана сәттілік немесе кездейсоқ жағдай емес. Бұл – әлемдік аренада өз болмысын дәлелдеген мақсатты стратегияның нәтижесі, – деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша, Қазақстанның географиялық орналасуы, табиғи ресурстары мен адами капиталы елдің жаһандық рөлін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл әлеуетті тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер қажет болды.

Сенат төрағасы Мемлекет басшысының стратегиясын үш негізгі бағытқа бөліп көрсетті:

  • орта держава дипломатиясы;
  • көпвекторлық саясаттың жаңа кезеңі;
  • Қазақстанды ресурстар жеткізушіден жаһандық логистикалық және экономикалық хабқа айналдыру.

Мультиплекстік әлемде ең күшті ел емес, ең икемді ел жеңеді. Қазақстанды жаһандық желінің маңызды тораптарының біріне айналдыру – негізгі мақсат, – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан енді геосаясаттың объектісі емес, белсенді субъект ретінде әрекет етуде. Ел халықаралық жүйеде байланыстырушы, интегратор және сенімді серіктес рөлін күшейтіп келеді.

Біздің жаңа ұстанымымыз – бір тарапты таңдау емес, барлық тарапқа бір мезгілде қажет болу. Ұлы державалар блоктарда бәсекелесіп жатқанда, Қазақстан егемен әрі релевантты ел мәртебесін сақтай отырып, көптеген қатар байланыстан ұпайын түгендеп отыр, – деп түйіндеді Сенат төрағасы.

Бұған дейін Мәулен Әшімбаев жаһандық саясатта жаңа парадигма қалыптасып жатқанын айтқан еді.

Наверх