Қазіргі таңда жаһандық саясатта түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Халықаралық қатынастар жүйесі бұрынғыдай бір орталыққа бағынбай, көпполюсті сипатқа ие болып жатыр. Бұл жайлы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Түркістан» газетіне берген мақаласында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат төрағасының айтуынша, бүгінде әлемдегі негізгі күш орталықтары бақылаудан шығып кетуі мүмкін қауіптердің алдын алуға тырысуда. Еуропа мен Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстар – соның айқын көрінісі.
Бүгінде жаһандық күш орталықтары бақылаудан шығып кету қаупі бар үдерістерді тежеуге ұмтылуда. Бұл жағдай маневр жасау кеңістігін тарылтып, кез келген сәтте қайтарымсыз нүктеден өтіп кету қаупін күшейтеді, – деді ол.
Оның пікірінше, қазіргі геосаяси ахуал бір қарағанда қарама-қайшы көрінгенімен, бұл – кездейсоқтық емес, саналы түрде қалыптасып жатқан жаңа үрдіс. Әсіресе, АҚШ-тың жаңа саяси бағыты халықаралық қатынастардың сипатын өзгертіп отыр.
Әлем шындығында есейіп келеді, ал, есею оңай процесс емес. Ендігі жерде қамқоршы әрі полиция рөлін қабылдайтын «түзу» көшбасшы, «жақсы адам» жоқ, әмбебап құндылықтар мен идеология да жоқ, әркім өзі үшін жауап береді, – деп атап өтті Сенат төрағасы.
Сондай-ақ Әшімбаев АҚШ-тың қазіргі саясатын «ұлттық эгоизмге негізделген жаңа стратегия» деп бағалады. Оның айтуынша, бұл – ескі әлемдік тәртіптен бас тартып, жаңа көпполюсті жүйеге бейімделудің көрінісі.
Ұлттық эгоизмді таңдау – кері шегіну емес, қайта көптеген күш орталықтарының жаңа парадигмасында өмір сүрудің әмбебап үлгісі, – деді ол.
Сенат төрағасы қазіргі халықаралық қатынастарда бұрынғы жаһандық институттардың ықпалы әлсіреп, оның орнына екіжақты және прагматикалық байланыстар күшейіп келе жатқанын айтты. Бұл үрдіс жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасып жатқанын көрсетеді.
Әлемдік тәртіп жоғарыдан төмен қарай емес, өңірлік күштердің тармақталған желісі арқылы қалыптасады. Мұндай күрделі әлемде мемлекеттер өз қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін жауапкершілікті өздері көтеруге тиіс, – деді Әшімбаев.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Елдің географиялық орналасуы, табиғи ресурстары мен транзиттік әлеуеті қазіргі жағдайда маңызды артықшылыққа айналуда.
Біздің қолымызда баршаға қажет тауар да бар (табиғи ресурстар), қызмет те бар (транзиттік мүмкіндіктер). Енді біз өзіміздің бәсекелестік басымдықтарымызды геосаяси активке айналдырып, Еуразия құрлығында жаңа күштер тепе-теңдігі қалыптасып жатқан кезеңде өз позицияларымызды нығайта аламыз, – деді Сенат төрағасы.