Әлемдік нарықта алтын қымбаттады

4 Наурыз 2022, 14:43
1878
Бөлісу:
Әлемдік нарықта алтын қымбаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл қымбатшылық геосаясаттағы ахуалға байланысты болып отыр, деп жазды Хабар24.

Нью-Йорктегі Комекс тауар биржасында құнды металлдың унциясы 0,75 процентке көтеріліп, мың 953 долларға саудаланды, деп хабарлайды «Хабар 24». Жалпы алтын жыл басынан бері біртіндеп қымбаттап келеді. Ақпанның бірі мен 23-і аралығында бағасы күн сайын 0,4 процентке көтеріліп отырды. Елдің ұлттық банкінің мәліметі бойынша ақпан айында 1 грамм алтын 28 мың 700 теңге деп белгіленді. 

Бұл қаңтармен салыстырғанда 15 процентке жоғары. Сарапшылар алтынның қымбаттауы қалыпты жағдай деп санайды. Өйткені  байлықты сақтаудың ең сенімді түрі осы құнды металл болғандықтан, дағдарыс кезінде азаматтардың көбі қаржысын алтынға айырбастап қояды. 

Әсіресе карантин кезінде сұраныс артып, құны 2 мың доллардан асқан еді. Биыл қаңтарда ел тұрғындары мың 800 алтын құймасын сатып алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 процентке аз. Жыл басынан бері тұрғындарға жалпы салмағы 2 тонна 800 келі болатын 76 мың 700 алтын құймасы сатылды. Айта кетейік, Қазақстанның халықаралық қорының үштен екісі алтынмен сақталған. 

Келер жылы әлем экономикасы 1 процентке қысқарады. Яғни сауда айналым 1 триллион долларға азаяды. Мұндай болжамды Британияның әлеуметтік экономикалық зерттеу институты жариялады. Сарапшылардың пайымынша, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан әлемдік инфляция 2 процентке жоғарылауы ықтимал. 

Қос мемлекет те титан, палладий бидай және жүгеріні негізгі жеткізушілердің бірі саналады. Енді бұл өнімдердің кешігуі кейбір тауарлардың өндірісін тұралатып тастауы мүмкін. Оның үстіне Ресейге салынған санкциялар әлемдік нарықта кейбір шикізат түрлерінің қымбаттауына әкеледі. Шектеулер Ресей экономикасын да шатқаяқтатып тастайды. Британиялық сарапшылардың есебі бойынша биылдың өзінде көрші елдегі ішкі жалпы өнім 1,5 процентке, 2023 жылы 2 процентке дейін кемиді. Ал инфляция биылдың өзінде 20 процентке жетеді деген болжам бар.
 

Өзгелердің жаңалығы