Әлемдегі пандемияға байланысты 270 миллион адам аштыққа ұшырады

13 Қараша 2020, 10:14
1283
Бөлісу:
Әлемдегі пандемияға байланысты 270 миллион адам аштыққа ұшырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы тұрақты комитетінің отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Бейне конференция байланысы сипатында өткен отырыс барысында коронавирус пандемиясы жағдайындағы ұйымның қазіргі қызметі туралы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Георгий Церетелидің және Бас хатшы Роберто Монтелланың ақпараты тыңдалды. Карантин шараларына қарамастан ЕҚЫҰ сайлауды (АҚШ, Грузия, Черногория және тағы басқа елдердегі) байқауға қатысу жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жалғастырып отыр. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы сондай-ақ 2021 жылы Қазақстан мен Қырғызстанда болатын сайлауға мониторинг жүргізу жөніндегі алда тұрған жұмыстарды атап өтті.

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (WFP) атқарушы директоры, 2020 жылы Нобель сыйлығын алған Дэвид Бизли негізгі баяндамашы ретінде COVID-19 таралғаннан кейін халықтың табысы төмен елдерде азық-түлік тапшылығы қиындай түсетіні туралы айтты.

2020 жыл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі азық-түлік қауіпсіздігі мен гуманитарлық дағдарыс тұрғысында ең ауыр жыл болды. Коронавирус пандемиясына байланысты аштыққа душар болатын адамдардың саны 135 миллионнан 270 миллионға дейін өсті, - деді Дэвид Бизли.
WFP атқарушы директоры елдерді COVID-19 әсерінің басқа да мәселелеріне, атап айтқанда денсаулық сақтау жүйесі мен азық-түлік тапшылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігіне назар аударуға шақырды.

 


Өзгелердің жаңалығы