Әлемдегі дағдарыс күшейгенде: Қошанов Орталық Азияның рөлін атады

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың сөзінше, Орталық Азия – көпвекторлы дипломатия үлгісі.

 Мәжілістің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 20:44
Бүгiн 2026, 20:44
156
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен Парламентаралық Одақтың 152-ші Ассамблеясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Орталық Азия өңірі үйлесімді және көпвекторлы дипломатияның тиімді моделін көрсетіп отырғанын мәлімдеді.

Жиынға 155 елден делегаттар қатысып, бейбітшілік, әділдік және болашақ ұрпақ мәселелері талқыланды. Қазақстан делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.

Өз сөзінде спикер қазіргі әлемде халықаралық құқық әлсіреп, қақтығыстар мен экономикалық дағдарыстар күшейгенін атап өтті. Осындай жағдайда парламенттік дипломатияның рөлі арта түсетінін айтты.

Қазақстан БҰҰ Жарғысын сақтауды, ашық диалогты және жанжалдарды бейбіт жолмен шешуді қолдайды. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған сыртқы саясаттың негізгі қағидаттары, – деді Қошанов.

Ол Қазақстанның бітімгершілік миссияларына белсенді қатысып отырғанын, соның ішінде Голан биігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосып жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірде шекара мәселелері шешіліп, көлік, логистика және энергетика салаларында ірі жобалар жүзеге асуда.

Қазақстан орнықты даму бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Парламентте арнайы комиссия құрылып, бұл саладағы міндеттердің орындалуы бақылауда.

Қошанов азық-түлік және су қауіпсіздігі, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелеріне ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Осыған байланысты алдағы аптада Астанада БҰҰ қолдауымен өңірлік экологиялық саммит өтеді.

Мәжіліс спикері сөз соңында әділдікке деген сұраныстың артқанын атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, елде «Әділетті Қазақстан» қағидаты негізінде ауқымды өзгерістер жүзеге асуда.

Сондай-ақ Ассамблея аясында Ерлан Қошанов Түркия, Қырғызстан және Вьетнам парламенттері басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Наверх