BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Трамп Нобель сыйлығына ұсынылды
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге қатысқаны үшін Нобель сыйлығына ұсынылды.
Бұл бастаманы АҚШ-тың республикалық конгрессмені Бадди Картер көтерді, – деп хабарлайды Fox News.
Норвегиялық Нобель комитетінің басшысы Йорген Ватне Фриднеге жолдаған ресми хатында Картер Трамптың қарулы қақтығысты тоқтатудағы және аймақтағы ядролық қарудың таралуына жол бермеудегі "ерекше және тарихи рөлін" атап өтті.
Бірнеше апта бұрын әлем ірі аймақтық соғыстың табалдырығында тұрды. Дегенмен, осы қиын сәтте президент Трамп соғыс қимылдарын тоқтата отырып, атысты тоқтату туралы негіздік келісімге қол жеткізу үшін табандылық пен күш көрсетті, – деп жазылған үндеуде.
Польша 4 күндік жұмыс аптасына көшпек
Польша жалақы сол күйі сақталатын 4 күндік жұмыс аптасына көшпек, дегенмен, қызметкерлерге бірнеше таңдау ұсынылады.
Польшада 2024 жылғы 30 маусымнан бастап 4 күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізу жобасы басталады. Жобаға жеке компаниялар мен мемлекеттік мекемелер қатысады. Қызметкерлер үшін бірнеше нұсқа қарастырылған:
– күн сайын 6 сағаттан жұмыс істеу,
– аптасына 3 күн демалу,
– немесе қосымша демалыс күндерін жинау.
Экспериментке қатысушыларға жұмыс кестесін қайта құру үшін 1 миллион злотыйға дейін қаржылай қолдау көрсетіледі.
Ел билігі бұл бастаманы 2027 жылғы қарашаға дейін міндетті түрде енгізуді жоспарлап отыр.
Иранмен шекаралас елдердегі радиоактивті ластану
МАГАТЭ 22 маусым күні АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасағаннан кейін Иранмен шекаралас мемлекеттерде радиоактивті ластану тіркелмегенін мәлімдеді. Бұл туралы МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси хабарлады.
Қолда бар деректерге сүйенсек, МАГАТЭ көрші елдерде халық пен қоршаған ортаға радиоактивті әсер болмағанына кепілдік бере алады. Ядролық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, Иранның зерттеу және энергетикалық реакторлары шабуылға ұшырамағанын атап өткен жөн, – делінген МАГАТЭ сайтында жарияланған Гроссидің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар агенттік Натанздағы уран сақтау және байытуға арналған жерасты залдарының үстінде екі тесік пайда болғанын хабарлады. Агенттік бағалауынша, "бұл соққы жергілікті деңгейде ластану мен химиялық қауіп тудыруы мүмкін".
Фордо ядролық нысанына келсек, онда кіреберіс жолдар мен нысанға апаратын есік зақымданғаны анықталған.
МАГАТЭ Ирандағы ядролық нысандарға жасалған соққылардың салдарын мұқият бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Дональд Трамп пен БАҚ
АҚШ президенті Дональд Трамп CNN мен The New York Times жариялаған "АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған соққылары мақсатқа жетпеді" деген ақпаратты жалған деп атады.
Жалған ақпарат тарататын CNN мен күйреудің алдында тұрған The New York Times бірігіп, тарихтағы ең сәтті әскери соққылардың бірінің маңызын кемітуге тырысып жатыр, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Ол өз сөзінде: "Ирандағы ядролық нысандар толықтай жойылды!" – деп мәлімдеп, CNN мен The New York Times қоғам тарапынан сынға ұшырап жатқанын атап өтті.
Бұған дейін CNN телеарнасы АҚШ Қорғаныс министрлігінің барлау басқармасының алдын ала бағасына сүйене отырып, америкалық соққылар Иранның ядролық бағдарламасының негізгі элементтерін жоя алмағанын хабарлаған болатын.
Ал The New York Times өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, құпия баяндамада өткен демалыс күндері жасалған соққылар Иранның ядролық бағдарламасын алты айға да кейінге шегере алмағаны айтылғанын, сондай-ақ президент Дональд Трамптың "Иран ядролық нысандары жойылды" деген мәлімдемесі асыра айтылғанын жазды.