BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
Дональд Трамп ұлықталды
Дональд Трамп ресми түрде АҚШ-тың 47-президенті атанып, Капитолий ғимаратында сөз сөйледі.
Трамп президент ретінде екінші рет ант қабылдағаннан кейін өзінің инаугурациялық сөзін сөйледі. Ол жиналғандарға, вице-президент Джей Ди Вэнске, сондай-ақ басқа саясаткерлер мен судьяларға алғысын білдірді.
Америка Құрама Штаттарының алтын ғасыры дәл қазір басталды. Бүгіннен бастап біздің ел өркендеп, әлем бойынша қайтадан құрметке ие болады. Біз әр ұлттың қызғанышына айналамыз және енді бізбен манипуляция жасауға жол бермейміз, – деп мәлімдеді Трамп.
Америкалық порталдардың мәліметінше, Трамптың инаугурациялық сөзі 1933 жылдан бергі ең ұзақ болды, ол кезде Франклин Рузвельт сөз сөйлеген еді. C-Span есептеулеріне сәйкес, президент Трамптың сөзі шамамен 29 минутқа созылған.
Айта кетейік, АҚШ-тың жаңа 47-президенті Ақ үйдегі алғашқы күнінде 100 жарлыққа қол қойды.
ХАМАС алғашқы үш тұтқынды босатты
ХАМАС-тың әскери қанаты — «Қассам бригадалары» үш израильдік тұтқынды босатқаны туралы видео жариялады. Онда ерекше бір жайт көзге түсті.
Роми Гонен, Дорон Штейнбрехер және Эмили Дамари Газа қаласында Қызыл Кресттің көлігіне мінген кезде, ХАМАС-тың қарулы мүшесі әрқайсысына «Қассам бригадаларының» логотипі салынған «сыйлық қапшықтарын» ұстатты.
Бетперде таққан содыр сол сәтте иврит және араб тілінде жазылған «босату туралы шешім» атты сертификатты көрсетті.
Гонен отбасының өкілі CNN-ге берген мәлімдемесінде, қапшықтың ішінде сертификат, алқа және фотосуреттер болғанын айтты. Израильдің Ішкі қауіпсіздік агенттігі (Шин Бет) бұл материалдарды тәркілеген.
Тұтқындарды тапсыру кезінде Қызыл Крест өкілінен араб тілінде құжатқа қол қою сұралған. Құжатта: «Израильдік тұтқындарды алғанын растау» деп жазылған.
Мен, Халықаралық Қызыл Крест өкілі, ХАМАС қозғалысының әскери қанаты – Иззеддин әл-Қассам бригадаларынан жалпы саны үш тұтқынды қабылдап алғанымды растаймын. Олар...», - деп тұтқындардың аты-жөндері көрсетілген.
Мексикада төтенше жағдай
Мексикадағы шекаралық қалада Трамптың жаппай депортациялау жоспарына байланысты төтенше жағдай жариялады.
Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласымен шектесетін Тихуанадағы мигранттарға арналған паналау орындары АҚШ президенті Дональд Трамптың жаппай депортациялау жоспарын жүзеге асыруы мүмкін деген қауіппен мигранттардың ағылуына дайындалуда.
Жергілікті биліктің мәліметінше, Мексиканың солтүстік-батысындағы Баха Калифорния штатында орналасқан бұл шекаралық қалада 30-дан астам паналау орны жұмыс істейді. CNN-ге сұхбат берген гуманитарлық қызметкерлер орын тапшылығы, ресурстардың жеткіліксіздігі және жалпы белгісіздік секілді мәселелердің паналау орындарын қиын жағдайда қалдырып отырғанын айтты.
Jardin de las Mariposas паналау орнының директоры Хайме Марин Трамптың жаппай депортациялау жоспары мигранттарға арналған қызметтерге байланысты гуманитарлық дағдарысқа әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Бұл дағдарыс АҚШ-қа бағыт алған және депортацияланған мигранттарды да қамтуы ықтимал.
Президент Трамп әкімшілігінің қабылдайтын шешімдеріне қатысты ұжымдық алаңдаушылық бар, – дейді Марин.
Тайвандағы жер сілкінісі
Тайванның оңтүстігінде 6 баллдық жер сілкінісі болды деп хабарлайды АҚШ Геологиялық қызметі. Жер сілкінісінен 15 адам жеңіл жарақат алған.
Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша түнгі 12:17-де (дүйсенбі, 16:00 GMT) тіркелді. Оның эпицентрі Юцзиннен солтүстікке қарай 12 шақырым жерде, тереңдігі 10 шақырымды құрады. Тайванның Орталық метеорологиялық басқармасы бұл жер сілкінісін 6,4 балл деп бағалады.
Жер сілкінісінен қаза тапқандар туралы деректер түспегенімен, құтқарушылар зардаптарды бағалауды жалғастыруда.
Тайванның өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, 15 адам жеңіл жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Олардың ішінде Тайнан қаласының Нанси ауданында құлаған үйден құтқарылған бір бала мен алты адам бар. Сондай-ақ, провинциялық тас жолдағы Чжуэй көпірінің зақымданғаны туралы хабарланды.
Өткен жылдың сәуір айында Хуаляньның таулы шығыс жағалауында 7,4 балдық жер сілкінісі болып, кемінде 13 адам қаза тауып, 1 мыңнан астам адам жарақат алған еді. Соңғы 25 жылдағы ең күшті жер сілкінісінен кейін жүздеген афтершоктар болған.