BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Трамп Путин туралы айтты
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинді Украина жөніндегі сөздері үшін сынға алып, «бос сөз айтып отыр» деп мәлімдеді. Бұл туралы AFP агенттігі хабарлады.
Ақ үйде журналистермен сөйлескен Трамп:
Шыны керек, Путин бізді бос сөзбен шаршатты. Ол әрдайым өте сыпайы сөйлейді, бірақ сөзінде еш мағына жоқ – деді.
Сондай-ақ, Трамп өткен аптада Путинмен телефон арқылы сөйлескенін еске алып, бейбіт келісімге қол жеткізу жөнінде ешқандай прогресс болмағанын, сол себепті Путинге риза емес екенін айтты.
АҚШ басшысы Конгрестегі Сенатта ұсынылған Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасына да пікір білдіріп, бұл мәселеге "өте байыпты қарап отырғанын" атап өтті.
Бұған дейін Вашингтон Украинаға өз-өзін қорғау үшін қосымша қару-жарақ жіберетінін мәлімдеген болатын. Бұл қадам АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленістің жаңа деңгейге өскенін білдіруі мүмкін.
Биылғы маусым – Батыс Еуропадағы ең ыстық ай
Батыс Еуропа метеобақылау тарихындағы ең ыстық маусымды бастан өткерді. Бұл туралы 9 шілде күні Еуропаның климаттың өзгеруін бақылау қызметі Copernicus (C3S) хабарлады. Ғаламдық климаттың өзгеруі аясында температуралық рекорд қатарынан үшінші жыл жаңарып келеді.
C3S есебіне сәйкес, Еуропа Жердің орташа көрсеткішінен бірнеше есе жылдам жылып жатыр. Жаздың басында Батыс Еуропада тәуліктік орташа температура өте жоғары көрсеткіштерге жетті. Кейбір елдерде ауа температурасы 40 °C-қа дейін көтерілді, ал Испания мен Португалияда 46 °C-қа дейін жетті.
Еуропадағы маусым айындағы ыстық толқындар – ерекше құбылыс, – деді ұйым директорының орынбасары Саманта Берджесс.
Оның айтуынша, бұл ыстыққа Жерорта теңізінің беткі температурасының рекордтық деңгейге жетуі де әсер еткен – ол 1991-2020 жылдар арасындағы орташа көрсеткіштен 3 градус жоғары болған. 30 маусым күні теңіз температурасы 27 °C-қа жетіп, тарихи рекорд орнады.
Маусым айында ең экстремалды жағдайлар Португалияда, Испанияда, Францияда, Италияда және Балқан елдерінде тіркелді. Мәселен, Лиссабонның солтүстігінде ауа температурасы 48 °C-қа жетіп, бұл көрсеткіш "экстремалды жылу стрессі" санатына енді.
Copernicus мәліметінше, жаһандық жылыну тек аптап ыстықпен шектелмейді. Атмосфера мен мұхиттардың қызып кетуі булануды күшейтіп, жауын-шашынды да анағұрлым қарқынды етеді. Маусым айындағы орташа жаһандық температура индустрияға дейінгі кезеңмен (1850–1900 жж.) салыстырғанда 1,3 °C жоғары болды. Бұл – ғаламдық жылыну деңгейін бағалаудағы басты негіз.
Испания мен Францияда орман өрті өршіп тұр
2025 жылғы шілденің 8-і күні Испанияның солтүстігі мен Францияның оңтүстігінде күшті орман өрттері басталып, үлкен қауіпке айналды. Өрт салдарынан Францияның Марсель қаласындағы әуежай уақытша жабылды.
Францияның ішкі істер министрі Брюно Ретайоның мәлімдеуінше, жалынды ауыздықтау үшін 800-ге жуық өрт сөндіруші мен арнайы авиация жұмылдырылған ірі операция нәтижесінде өрт бақылауға алынды.
Алдын ала дерек бойынша, Марсельде адам шығыны тіркелген жоқ, алайда 110 адам жеңіл жарақат алды, оның ішінде 30-ға жуығы өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері. Жалын 700 гектар аумаққа таралып, 63 тұрғын үй зақымданды, оның 10-ы толық жанып кеткен. 400 адам эвакуацияланды. Қазіргі таңда өрт сөндірушілер тілсіз жаумен түнде де күресуді жалғастырып жатыр.
Испанияда да жағдай ушығып тұр. Ел тарихындағы ең ыстық маусым тіркеліп, орман өрттері жиілеген. Әсіресе Каталония өңірі қатты зардап шекті: мұнда 3000 гектарға жуық орманды алқап жанып кетті.
Өртпен күреске 300-ден астам өрт сөндіруші мен әскерилер жұмылдырылғанымен, күшті жел операцияны қиындатуда. Таррагона муниципалитетінде билік 18 мың тұрғынға үйлерінен шықпауға кеңес берді.
Еуропалық орман өрттері жөніндегі ақпараттық жүйенің (Effis) деректеріне сүйенсек, 2022 жылы Испания орман өрттерінен ең көп зардап шеккен Еуропа елі болды — сол жылы 500-ден астам өрттен 300 мың гектардан астам орман жойылған. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында елде 21 мың гектарға жуық аумақ отқа оранды.
Мамандардың айтуынша, климаттың өзгеруі мен температураның рекордтық жоғарылауы орман өрттерінің жиілеуіне тікелей әсер етіп отыр. Еуропа елдері енді табиғи апаттармен күрес стратегияларын күшейтуді қолға алуда.
Кенияда наразылық басталды
Кенияда үкіметке қарсы наразылықтар кезінде кем дегенде 11 адам қаза тауып, 567 адам тұтқындалды.
Полиция наразылықтар кезінде 52 құқық қорғау органының қызметкері мен 11 бейбіт тұрғынның жарақат алғанын нақтылады.
Бұған дейін құқық қорғау органдары полиция қызметкерлерінің "зорлық-зомбылық пен арандатушылық жағдайда ерекше ұстамдылық пен кәсібилік танытқанын" мәлімдеген болатын.
Алайда Кенияның адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссиясы (KHRC) полицияны наразылық білдірушілерге қарсы шамадан тыс күш қолданды деп айыптады. Ұйым сонымен қатар Найроби, Каджиадо, Накуру, Киамбу және Элдорет қалаларында құқық қорғау органдарының қарулы қылмыстық топтармен ықтимал байланысы бар екенін мәлімдеді.
Наразылықтар елдің 27 округінде 25 маусымда басталған. Бұл толқулар полицияның қатыгез әрекеттеріне қарсы жауап ретінде өрбіді. Мыңдаған адам ел астанасы Найробидің орталық іскери ауданына жиналды. Құқық қорғау органдары шерушілерге қарсы резеңке оқтар, су атқыштар мен кей жерлерде жауынгерлік оқтар қолданған.