Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлемде: Тоқаев–Зеленский диалогы, Еуропадағы өрт, Ирандағы келіссөз, Газада аштық, Түркияда жер сілкінісі

11 Тамыз 2025, 10:50
606
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Тоқаев пен Зеленский телефон арқылы сөйлесті

Украина бастамасымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.

Тоқаев қазақ халқының украин халқына құрметін білдіріп, Қазақстанның халықаралық құқық қағидаттары негізінде Украинада бейбітшілік орнауына мүдделі екенін айтты. Ол БҰҰ Жарғысы мен мемлекеттердің егемендігі және аумақтық тұтастығын сақтау қажеттігін еске салды.

Әлемде: Тоқаев–Зеленский диалогы, Еуропадағы өрт, Ирандағы келіссөз, Газада аштық, Түркияда жер сілкінісі

Мемлекет басшысы қазіргі басты міндет — халықаралық кепілдік арқылы Украина мемлекеттілігін сақтау екенін атап өтті. Қазақстан Украинамен өзара мүддеге сай салаларда ынтымақтастыққа дайын.

Зеленский әңгімеге "жақсы әрі мазмұнды" баға беріп, Қазақстанға Украина тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін алғыс айтты. Ол халықаралық құқық пен БҰҰ қағидаттарын сақтау, мемлекеттердің шекаралары мен халықтың қадір-қасиетіне құрмет көрсету аса маңызды екенін атап өтті.

Еуропаның оңтүстігінде аптап ыстықтан орман өрті өршіп тұр

Әлемде: Тоқаев–Зеленский диалогы, Еуропадағы өрт, Ирандағы келіссөз, Газада аштық, Түркияда жер сілкінісі
pixabay.com

Франция, Испания, Греция және Түркияда ауа температурасы 42°C-тан асып, орман өрттері күшейді, деп хабарлайды Euronews.

Францияда сенбі күні оңтүстік Од департаментінде 1400-ге жуық өрт сөндіруші ірі өрттің таралуына жол бермеу үшін жұмылдырылды. 160 шаршы км жер өртеніп, бір адам қаза тауып, 25 адам (оның ішінде 16 өрт сөндіруші) жараланды. Жолдар ашық, бірақ орманға баруға қатаң тыйым салынды. Өрттің толық сөнуі бірнеше аптаға созылуы мүмкін.

Испанияда Авила провинциясындағы орман өрті жұма күні басталып, жолдар мен теміржолдарға қауіп төндірді. Әскери бөлімше түні бойы өртті бақылауда ұстауға күш салды. Елдің кейбір аймақтарында температура 39°C-қа жетіп, қауіп артты.

Грекияда Кератея маңында (Афиныдан 40 км) басталған өрт Аттика аймағында үйлерге зиян келтіріп, бір адамның өмірін қиды.

Иран 11 тамызда МАГАТЭ өкілімен келіссөз өткізеді

Әлемде: Тоқаев–Зеленский диалогы, Еуропадағы өрт, Ирандағы келіссөз, Газада аштық, Түркияда жер сілкінісі
freepik

Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің айтуынша, 11 тамызда МАГАТЭ-мен ынтымақтастық аясын талқылау үшін келіссөз өтеді. Тегеранға агенттік бас директорының орынбасары Рафаэль Гросси келмек.

Арагчи егер нақты келісім болмаса, ирандық ядролық нысандарға тексеріс жүргізілмейтінін ескертті.

Бұған дейін, 13 маусымда Израиль Иранға әскери операция бастаған, келесі күні Иран жауап соққы берді. 22 маусымда АҚШ Исфахан, Натанз және Фордо қалаларындағы ядролық нысандарды атқылады. 23 маусымда Иран Қатардағы Аль-Удейд америкалық әуе базасына зымыранмен соққы жасады. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран атысты тоқтатуға келіскенін хабарлады.

МАГАТЭ тарапынан бұл шабуылдардың айыпталмауы Иран ішінде наразылық тудырды. 2 шілдеде президент Масуд Пезешкиан ұйыммен ынтымақтастықты тоқтату туралы заңға қол қойды. 22 шілдеде Арагчи МАГАТЭ инспекторларының болашақта Иранға қайта оралуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Газа секторында аштықтан тағы 5 адам қаза тапты

Әлемде: Тоқаев–Зеленский диалогы, Еуропадағы өрт, Ирандағы келіссөз, Газада аштық, Түркияда жер сілкінісі
Anadolu Agency

Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы тәулікте аштық пен тамақ тапшылығынан бес палестиналық, оның ішінде екі бала көз жұмды. Жалпы, аштықтан қаза тапқандар саны 217-ге жетті, олардың 100-і — балалар.

Израильдің блокадасы мен үздіксіз шабуылдары салдарынан Газа аумағының шамамен 88%-ы қираған. Әуе соққылары мен эвакуация бұйрықтары екі миллионға жуық адамды үйінен кетуге мәжбүрледі, көпшілігі бірнеше рет қоныс аударған.

Көшіп-қонғандар тығыз, антисанитариялық шатырларда тұрып жатыр. Гигиена мен ауыз су тапшылығы жұқпалы аурулардың таралуына әкелуде.

Жергілікті және халықаралық ұйымдар Израильді аштық пен су тапшылығын соғыс құралы ретінде пайдаланып, босқын лагерьлері мен бейбіт нысандарды атқылауды жалғастыруда деп айыптап отыр.

Түркияда 6,1 балдық жер сілкінісі болды

Әлемде: Тоқаев–Зеленский диалогы, Еуропадағы өрт, Ирандағы келіссөз, Газада аштық, Түркияда жер сілкінісі
скрин / trthaber.com

Түркияның Балыкесир провинциясындағы Синдирги ауданында 6,1 магнитудалы жер сілкінісі тіркеліп, 10 үй опырылды. Жерасты дүмпуі 11 шақырым тереңдікте болды және Ыстамбұлда да сезілді.

Төрт адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау министрі Кемал Мемисоглы олардың өміріне қауіп жоқ екенін хабарлады.

Өзгелердің жаңалығы