BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Таяу Шығыс: Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс ушығуда
Аймақтағы жағдай күн сайын шиеленісіп келеді. Израиль Иран аумағындағы ядролық және әскери нысандарға, соның ішінде Тегеран, Исфахан мен Керманшах қалаларындағы нысандарға әуе шабуылдарын жалғастыруда. Иран жауап ретінде Израильге зымырандар мен дрондар арқылы соққы жасады және "шетелдік тыңшылар" ұсталғанын хабарлады.
Айта кетейік, Иран Израильге тағы да қауіп төндіретінін ескертті.
АҚШ президенті Дональд Трамп "барлық нұсқалар қарастырылып жатыр" деп мәлімдеп, Иранға тікелей соққы жасалуы мүмкін екенін меңзеді. Бұл мәлімдеме АҚШ-тың өз ішінде және НАТО одақтастары арасында алаңдаушылық тудырды. Америка Ирандағы өз азаматтары мен елшілік қызметкерлерін эвакуациялай бастады.
Бұл шиеленістердің экономикалық тұрғыдан да әсері байқалуда. Қазіргі таңда мұнай бағасы 10%-ға өсіп, барреліне $120-дан асты. Бұған Ормуз бұғазының жабылу қаупі себеп болып отыр. Атап өтсек, бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың үштен бірі тасымалданады.

АҚШ: саяси алауыздық пен экономикалық қысым
АҚШ-тың ішінде де саяси келіспеушіліктер күшейіп тұр. Республикалық партияның кейбір өкілдері президент Трамптың Иранға араласуға әзірлігін "қауіпті қадам" деп бағалап, сын айтуда. Демократтар Конгресте кезектен тыс тыңдаулар өткізуді талап етуде.
Экономикалық салада жағдай күрделі. АҚШ Федералды резерв жүйесі негізгі мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Алайда Трамп әкімшілігі мөлшерлемені төмендетуді талап етіп отыр. Сонымен қатар, шетелдік студенттерге арналған визалық ережелер күшейтілді. Енді өтініш берушілер әлеуметтік желілердегі барлық аккаунттарын көрсетуге міндетті.

Каспий тартылып барады: Путин алаңдаушылық білдірді
Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында Ресей Президенті Владимир Путин Каспий теңізінің суы азаю проблемасына қатысты алғаш рет пікір білдірді. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен көтерілген бұл мәселе бойынша Путин оны “жаһандық сипатқа ие” деп атады.
Оның айтуынша, теңіз деңгейінің төмендеуіне тек адам әрекеті емес, табиғи факторлар да әсер етуде. Арал теңізі мысалын еске салған Путин, “уақыт оздырмай, жүйелі және келісілген шаралар қабылдау қажет” деді. Ресей үкіметіне тиісті тапсырмалар беріліп, әзербайжандық тараппен бірлескен жұмыс жалғасуда.

Білім: QS-2026 университеттер рейтингі жарияланды
QS World University Rankings 2026 жаһандық университеттер рейтингі жарияланды. Бірінші орынды Массачусетс технологиялық институты (MIT) сақтап қалды. Алғаш рет Сауд Арабиясы мен Италияның университеттері ТОП-100 тізіміне енді. Азия елдерінің, әсіресе Қытай мен Сингапурдың жоғары оқу орындары алға шығып келеді. Бұл аймақтың ғылым мен білім саласындағы ықпалы артуда.
Айта кетейік, биылғы рейтингке Қазақстанның 20 университеті енді.

Климат: Мұздықтарды қорғаудың халықаралық жылы
БҰҰ мен ЮНЕСКО 2025 жылды "Мұздықтарды қорғаудың халықаралық жылы" деп жариялады. Душанбе қаласында өткен саммитте Гималай, Альпі мен Арктикадағы мұздықтардың еру мәселелері, климаттық тұрақтылық және экологиялық қаржыландыру жолдары талқыланды. Ғаламдық бақылау жүйесі мен халықаралық қорғау қоры құру туралы шешім қабылданды.
