Әлемде: Президент кеңсесінде ұрлық дауға айналды, АҚШ Иранға санкция салды, Женевада үшжақты кездесу өтпек

BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:48
Бүгiн 2026, 10:48
137
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Польша президенті кеңсесіндегі ірі ұрлық, АҚШ-тың Иранға жаңа санкциялары, Украина–Ресей–АҚШ арасындағы ықтимал келіссөздер және Луврдегі «ғасыр ұрлығынан» кейінгі өзгерістер. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.

Кароль Навроцкий кеңсесінде жарты миллион злотый жоғалды
 
Фото: GLOBAL LOOK PRESS
Польша президенті Кароль Навроцкийдің канцеляриясында ірі қаржылық дау шықты. Gazeta Wyborcza мәліметінше, мекеменің кассасынан 500 мың злотыйдан (шамамен 141 мың доллар) астам қаражат жоғалған.
 
Варшава прокуратурасының өкілі Антони Скиба тергеу басталғанын растады. Қазір куәгерлерден жауап алынып жатыр, нақты шығын көлемі мен ықтимал зардап шеккендер саны анықталуда.
 
Алдын ала болжам бойынша, қылмысқа канцелярия қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа ресми түрде әлі расталған жоқ. Іс құпия сақталуда.
 
АҚШ Иранға санкциялық қысымды күшейтті
 
Фото: depositphotos.com/Alpegor6
АҚШ Қаржы министрлігі Иранға қарсы санкциялар тізімін кеңейтті.
 
Шектеулер:
 
• Иранның 4 азаматына
• 16 компанияға
• 12 танкер мен газ тасымалдаушы кемеге енгізілді.
 
Санкциялар мұнайды заңсыз сату, баллистикалық зымыран өндірісі және қару-жарақ бағдарламаларын қаржыландырумен байланысты тұлғаларға бағытталған.
 
АҚШ билігі «көлеңкелі флот» деп аталатын кемелер арқылы Иран шетел нарықтарына мұнай жеткізіп, әскери жобаларын қаржыландырып отыр деп есептейді.
 
Бұл шешім Иран мен АҚШ арасындағы Женевада өтуі мүмкін келіссөздер қарсаңында қабылданды. Тегеран санкцияларды алып тастауды талап етіп отыр.
 
Үшжақты кездесу наурызда өтуі мүмкін
 
Фото: Telegram/Zelenskiy
Владимир Зеленский 25 ақпанда Дональд Трамппен 30 минуттық телефон әңгімесін өткізді.
 
Тараптар Женевада өтетін болашақ келіссөздерді талқылады. Зеленскийдің айтуынша, наурыз айының басында АҚШ, Ресей және Украина қатысатын үшжақты кездесу ұйымдастырылуы мүмкін.
 
Әңгімеге АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер де қатысқан.
 
Егер кездесу жүзеге асса, келіссөздер көшбасшылар деңгейіне өтуі ықтимал. Бұл Украинадағы соғысқа қатысты дипломатиялық үдерістің жаңа кезеңі болуы мүмкін.
 
Лувр «Ғасыр ұрлығынан» кейін жаңа директор алды
 
Фото: Le Figaro
Францияның ең ірі музейі Луврға жаңа директор тағайындалды. Бұл қызметке өнертанушы Кристоф Лерибо келді.
 
Ол бұған дейін Версаль сарайы мен Музей Орсе мекемелерін басқарған.
 
Басшылық ауысуы 2025 жылғы қазанда болған корольдік регалиялар ұрлығынан кейінгі сындармен байланысты. Ұрланған заттардың номиналды құны 88 млн еуро болғанымен, тарихи құндылығы әлдеқайда жоғары деп бағаланады.
 
Эммануэль Макрон бұған дейін Луврді қайта жаңғырту жоспарын таныстырған. Жобаның құны шамамен 800 млн еуро. Жаңа директорға музейдің қауіпсіздігін күшейту және беделін қалпына келтіру міндеті жүктелді.
 
Германия экономикасы рецессия шегінде
 
Фото: Shutterstock
Германия экономикасы қатарынан екі тоқсан бойы әлсіз өсім көрсетіп, техникалық рецессия қаупіне жақындады.
 
Сарапшылар өндірістің баяулауы, энергия бағасының жоғары болуы және экспорттың төмендеуі ел экономикасына қысым жасап отырғанын айтады.
 
Берлин билігі өнеркәсіпті қолдау және инвестиция тарту бойынша жаңа ынталандыру пакетін әзірлеуде. Германиядағы ахуал бүкіл Еуроодақ экономикасына әсер етуі мүмкін.
Наверх