Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күрес күніне және өлім жазасына қарсы халықаралық комиссияның құрылғанына 10 жыл толуына арналған Жоғары деңгейдегі конференцияда негізгі баяндамашы ретінде сөз сөйледі.
Испанияның Сыртқы істер министрі Аранча Гонсалес Лайя іс-шараның бастамашысы болды, ал негізгі баяндаманы Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссияның төрағайымы Нави Пиллэй жасады.
Талқылаудың негізгі тақырыбы - өлім жазасын азайту және одан кейінгі бұл жазаның толық жойылуы үшін күрестегі халықаралық күш-жігердің рөлі. Форумға қатысушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында айтқан шешімін және 2020 жылдың қыркүйегінде өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасына Қазақстанның қол қойғанын құптады.
Министр М.Тілеуберді өз сөзінде Орталық Азия мен Моңғолияны өлім жазасынан азат әлемнің бірінші өңіріне айналуын ілгерілетуге бағытталған Комиссияның бастамасына қолдау білдірді. Ол Қазақстан өмір сүруге және адамның қадір-қасиетіне деген негізгі құқықты жүзеге асыруға ұмтылатынын баса айтты.
Форум Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссияның бастамасына қатысушыларды, сыртқы саяси ведомстволардың басшыларын, БҰҰ өкілдерін және әлемнің түрлі елдерінің адам құқықтары саласындағы сарапшыларын жинады.
Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күн Өлім жазасын жою жөніндегі дүниежүзілік коалициясымен құрылып, 2003 жылдан бері жыл сайын 10 қазанда атап өтіледі.
Өлім жазасына қарсы халықаралық комиссия Испания үкіметінің бастамасымен 2010 жылы құрылды. Қазақстан Комиссияны қолдайтын мемлекеттер тобына кіреді.