BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.
Лондондағы наразылық
Сенбі күні Лондонда Қытайдың жаңа елшілігін салу жоспарланған жерде мыңнан астам адам жиналып, наразылық акциясын өткізді, деп хабарлайды The Guardian басылымы.
Басылымның мәліметінше, ҚХР бұл жер телімін сатып алып, Еуропадағы ең үлкен елшілікті салуды жоспарлап отыр. 2022 жылы Тауэр-Хэмлетс аудандық кеңесі құрылысты мақұлдаудан бас тартқан болатын.
![Әлемде: Лондондағы наразылық, АҚШ-тағы депортация, Илон Масктың жоспары](/userfiles/images/photo_501827.jpeg)
depositphotos.com / Фото автора palinchak
Қытай билігі Лейбористік партия Ұлыбританияда билікке келгеннен кейін құрылысқа рұқсат алу үшін қайта өтініш берді. Қытай басшысы Си Цзиньпин бұл мәселені Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен тікелей талқылады. Бірнеше министр бұл жобаны қолдап отыр, ал бұл мәселеге қатысты тыңдаулар келесі аптада басталады.
Құрылысты мақұлдау немесе мақұлдамау туралы премьер-министрдің орынбасары әрі тұрғын үй құрылысы министрі Анжела Рейнер шешім қабылдайды. Наразылық білдірушілердің қатарында Ұлыбританиядан пана тапқан Гонконгтан шыққан азаматтар көп болды. Олар Қытай елшілігінің Ұлыбританиядағы диссиденттерді бақылауға және заңсыз ұстауға пайдаланылуы мүмкін деп қауіптенеді.
Трамп Гарриді депортацияламайды
АҚШ президенті Дональд Трамп британдық ханзада Гарриді елден шығармайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды The New York Post басылымы.
Гарридің АҚШ-тағы иммиграциялық мәртебесі Вашингтон сотында қаралып жатыр. Heritage қоры ханзаданың виза алу кезінде есірткі қолдану туралы ақпаратты жасырғанын, бұл оның елге кіруіне кедергі болуы тиіс екенін алға тартады.
![Әлемде: Лондондағы наразылық, АҚШ-тағы депортация, Илон Масктың жоспары](/userfiles/images/photo_501824.jpeg)
depositphotos.com / Фото автора thenews2.com
Алайда жұма күні Трамп басылымға берген сұхбатында ханзада Гарриді депортациялауға мүдделі емес екенін айтты.
Мен мұны жасағым келмейді. Оны жайына қалдырамын. Оның әйелімен (Меган Маркл – ред.) онсыз да проблемасы жеткілікті, – деді Трамп.
ХАМАС тағы үш тұтқынды босатты
ХАМАС Қызыл Крестке Газа секторында ұсталған тағы үш израильдік тұтқынды тапсырды.
Al Jazeera деректеріне сәйкес, босатылғандар:
• 53 жастағы Эли Шараби,
• 56 жастағы Охад Бен-Ами,
• 34 жастағы Ор Леви.
![Әлемде: Лондондағы наразылық, АҚШ-тағы депортация, Илон Масктың жоспары](/userfiles/images/GjQchfOWQAA46N0.jpg)
Олардың есімдерін Израиль премьер-министрінің кеңсесі және Тұтқындар отбасыларының форумы растады.
Биыл 19 қаңтарда Израиль мен ХАМАС арасындағы оқ атуды тоқтату туралы келісім күшіне енді.
Алғашқы 42 күндік кезеңде ХАМАС 33 израильдік тұтқынды босатуға міндеттелді, оның ішінде барлық әйелдер мен балалар бар.
Өз кезегінде Израиль әр босатылған бейбіт тұрғын үшін 30 палестиналық тұтқынды, ал әр әскери тұтқын үшін 50 адамды босатады.
Соңғы алмасу 1 ақпанда өтті, сол кезде ХАМАС Қызыл Крестке тағы екі израильдік тұтқынды – Офер Кальдерон мен Ярден Бибасты тапсырған.
Илон Маск жоспарларымен бөлісті
X әлеуметтік желісінің иесі, SpaceX және Tesla бас директоры Илон Маск TikTok-ты сатып алуға қызығушылық танытпайтынын мәлімдеді.
TechCrunch басылымының хабарлауынша, америкалық миллиардер 28 қаңтарда Германияда өткен WELT экономикалық саммитінде бұл туралы айтқан. Оның видео сұхбаты сенбі күні жарияланды.
Мен TikTok-ты сатып алуға өтініш берген жоқпын. Егер менде TikTok болса, не істейтінімді ойлаған да емеспін, – деді ол.
Дегенмен Маск TikTok алгоритмін зерттеп, оның қаншалықты пайдалы екенін түсінуге тырысатынын, сондай-ақ оны өнімдірек әрі адамзатқа пайдалырақ ету үшін қандай өзгерістер енгізуге болатынын қарастыратынын айтты.
Сонымен қатар, ол TikTok-ты жеке өзі қолданбайтынын және платформаға аса қанық еместігін айтты.
Менің Twitter-ді (қазіргі X) сатып алуым – мансабымдағы ерекше жағдай. Әдетте мен компанияларды нөлден бастап құрып шығамын, – деді Маск.
АҚШ TikTok-қа тыйым салуы мүмкін
АҚШ Сенаты 2024 жылғы сәуірде TikTok-ты тыйым салуға алып келуі мүмкін заң жобасын мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес, TikTok-тың қытайлық иесі ByteDance қосымшаны шетелдік компанияға сатуы тиіс. Бұл үшін тоғыз ай уақыт берілді.
![Әлемде: Лондондағы наразылық, АҚШ-тағы депортация, Илон Масктың жоспары](/userfiles/images/photo_501828.jpeg)
depositphotos.com / Фото автора tashatuvango
2025 жылдың басында БАҚ Қытай TikTok-тың АҚШ-тағы активтерін Илону Маскқа сатуды қарастыруы мүмкін екенін хабарлады.
19 қаңтарда TikTok АҚШ-тағы қолданушылар үшін уақытша бұғатталған, бірақ кейін қайта қосылған.
Дональд Трамп президенттік қызметіне кіріскеннен кейін TikTok-тың АҚШ-тағы жұмысына 75 күндік уақытша рұқсат беру туралы жарлыққа қол қойды.