Әлемде бір күнде тіркелген жер сілкіністері

7 Ақпан 2023, 09:55
3455
Бөлісу:
Әлемде бір күнде тіркелген жер сілкіністері
Фото: Түркияда жер сілкісінен қираған құрылыс

6 ақпан күні Түркияда ең күшті жер сілкінісі болды. Салдарынан бірнеше мыңдаған адам қаза тапты. Сондай-ақ көрші елдерде де жер сілкінісі байқалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркия

Түркияның оңтүстік-шығысында 7,8 балдық жер сілкінісі 2 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Түркия президентінің айтуынша, бұл жер сілкінісі 1939 жылдан бергі ең күшті жер сілкінісі болды. Ел тұрғындары жер сілкінісін жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де сезді, жер сілкінісінің ошағы Газиантеп қаласына жақын жерде шамамен 18 шақырым тереңдікте болды. Түркияның Апат және төтенше жағдайларды басқару басқармасының мәліметі бойынша, 40-тан астам жер сілкінісі тіркелген.

Түркия ең жоғары қауіп деңгейін жариялады. Қазір Төтенше жағдайлар қызметі жоғары дайындық режимінде жұмыс істеп жатыр.

Вице-президент Фуат Октай жариялаған ресми мәліметтерге сәйкес, 10 мыңға жуық адам жарақат алған, 3 471 ғимарат қираған.

Кейін елдің орталық бөлігінде 7,7 балдық қайталанған жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері Диярбакыр, Шанлыурфа, Анкара және Адана қалаларында сезілді.

Түрік геофизигі Ахмет Эрджан елдің оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінің күшін 130 атом бомбасының жарылуымен салыстырды. 

Жер сілкінісі өте күшті болды. Ол шамамен 130 атом бомбасының энергиясын шығарды. Бұл 42 секундта болды. Алдағы екі-үш жылда жер сілкінісі ошағынан 200 шақырым радиуста күшті афтерсоққылар болуы мүмкін, - деді Ахмет Эрджан жергілікті газетке берген сұхбатында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның бірнеше провинциясында болған жойқын зілзала салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Режеп Тайип Ердоғанға қайғыра көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін, сондай-ақ бауырлас елге гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді

Соңғы мәліметтер бойынша Түркияда қаза болғандардың саны 3 мыңға жуықтады.

Президент Режеп Тайип Ердоған Түркияда 12 ақпанға дейін жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Ел аумағында барлық Мемлекеттік ту түсірілді.

Түркия ТЖ басқармасының хабарлауынша, тағы 16 мың адам жарақат алған. Вице-президент Фуат Октай үйінділер астынан 7840 адам шығарылғанын, 338 мың адам жатақханалар мен университеттерге орналастырылғанын хабарлайды.

Қазақстан Түркияға шұғыл көмек көрсетеді. Құрамында республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары мен «Апат медицинасы» орталығының медицина қызметкерлері және ТЖМ өкілдері бар, жалпы саны 41 адам Түркияға көмекке кетті.

Сирия

Сирияның денсаулық сақтау министрі Ахмед Дмейрия 6 ақпанда елдегі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 403-ке жеткенін мәлімдеген болатын. 

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі елде жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 538-ге, зардап шеккендер саны 1 353-ке жеткенін мәлімдеді. 

Ведомствоның мәліметінше, бұл дерек Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинцияларының тұрғындарына қатысты болып отыр. Мәліметте айтылған сандар әлі нақтыланып жатқаны көрсетілген.

Сейсмологтар 6 ақпанға қараған түні Түркияның Сирия шекарасына жақын орналасқан Газиантеп қаласына жақын жерде магнитудасы 7,7 болатын жер сілкінісін тіркеді. Барлығы 30-дан астам жер сілкінісі тіркелді. 

Соңғы мәліметтер бойынша Сирияда зілзаладан 711 адам көз жұмды. Жарақат алғандар саны - 1431 адам.

Қазақстан

Шымкент қалалық ТЖД 6 ақпанда сағат 19.02-де жер сілкінісі тіркелгенін мәлімдеді.

Оның кіндік нүктесі Қазақстан аумағында Алматы қаласынан батысқа қарай 628 км жерде орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 11.7. MPV магнитудасы 5.4. Кіндік нүктесінің координаттары 42.72°С. Е. 69.24 ш. б. тереңдігі 5 км. сезгіштігі туралы мәліметтер (МЅК-64 шкаласы бойынша): Шымкент қ. – 2-3 балл.

Қала тұрғындарынан үрейленбей, тыныштық сақтауын сұраймыз, - делінген хабарламада.

Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы дерек жоқ.

Грузия

Batumelebi агенттігінің хабарлауынша, Түркиядағы күшті жер сілкінісінен кейін Грузияның Түркиямен шекаралас Батуми қаласының тұрғындары жер асты дүмпулерін сезінді. 

Батумиде жер сілкінісі бірнеше минут бойы сезілді. Қаланың кейбір аудандарында адамдар үйлерінен шығып, аулада болған, - делінген хабарламада. 

Тұрғындар әлеуметтік желіде үйдегі люстралар мен есіктердің тербеліп тұрған видеосын жариялады.

Нью-Йорк

Жер сілкінісінің интерактивті картасының деректеріне сәйкес, 6 ақпанда Нью-Йоркте 3,8 балдық жер сілкінісі болды. 

Әлеуметтік желі қолданушылары да Нью-Йорктің батысында байқалған дүмпулер туралы хабарлады, - деп жазды iz.ru.

Сонымен қатар 6 ақпан күні Сербияда, Пәкістанда, Израйльде, Тайванда және Аргентинада жер сілкіністері тіркелгені айтылды.

Магнит дауылы & жер сілкінісі

Магниттік дауылдар – күннің жарылуы нәтижесінде пайда болатын Жердің магнит өрісінің бұзылуы. Мұндай ауытқулар байланыс жүйелерінің жұмысына, сондай-ақ адам денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Дауылдың денеге теріс әсерін азайту үшін Gismeteo ауа райы сайты 2023 жылдың қаңтарына арналған магниттік дауылдардың болжамын жариялады. Кесте екі күндік магниттік дауыл 19 қаңтар және қаңтарда өткені көрсетілген. Одан кейінгі дауылдар 2023 жылдың 26 және 27 қаңтарында болғаны болжанған.

Өзгелердің жаңалығы