Әлемде: Трамп Иранды келісімге қол қоюға шақырды, Пәкістан Ауғанстанды атқылады

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 09:09
Бүгiн 2026, 09:09
102
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Трамп Иранды келісімге қол қоюға шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық бағдарлама және қауіпсіздік мәселелері бойынша келісімге қол қоюға шақырып, Тегеранға қатысты теңіз блокадасын ұзарту нұсқасын қарастырып жатқанын мәлімдеді. 

Мәліметке сәйкес, Трамп Ақ үйде АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары өкілдерімен кездесіп, Иран порттарына салынған қысым шараларының салдарын азайту жолдарын талқылаған. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда Ормуз бұғазы маңындағы шектеулерді бірнеше айға дейін жалғастыру сценарийі қарастырылған.

Ақ үй өкілінің айтуынша, келіссөздер барысында жаһандық мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтау және америкалық тұтынушыларға ықтимал әсерді азайту мәселелері көтерілген.

Трамп өз мәлімдемесінде Иранды «тез арада ақылға қонымды шешім қабылдауға» және келісімге келуге шақырды. Ол сонымен бірге Вашингтонның Тегеранмен ядролық бағдарлама бойынша жаңа келісім жасауға мүдделі екенін, бірақ нақты талаптар орындалуы тиіс екенін атап өтті.

Осы уақытта Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасына қатысты шиеленіс сақталып отыр. Мұнай нарығында бағаның өсуі байқалып, сарапшылар ұзаққа созылған дағдарыс әлемдік энергетикаға айтарлықтай ықпал етуі мүмкін екенін ескертуде.

Пәкістан Ауғанстан шекарасындағы нысандарға соққы жасады

Пәкістан Қарулы Күштері Ауғанстанмен шекарадағы Чаман секторында бірқатар ауған әскери бекеттері мен техникасын жойды. 

Ақпаратқа сәйкес, соққылар ауған тарапы мен шекара аймағында әрекет ететін қарулы топтардың «себепсіз агрессиясына» жауап ретінде жасалған. Пәкістан тарапы операция барысында бірнеше жол тосқауылдары мен көліктердің жойылғанын мәлімдеді.

Әскери дереккөздер операция «Газаб лил-Хак» (урду тілінен аударғанда «әділ ашу») атауымен жүргізіліп жатқанын және ол барлық мақсаттарға қол жеткізілгенге дейін жалғасатынын айтқан.

Бұған дейін Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қарулы қақтығыстар қайта өршіп, екі тарап та бір-бірін шабуылдар жасады деп айыптаған. Кабул Исламабадтың әуе соққыларына жауап ретінде әскери әрекеттер жүргізілгенін хабарлаған.

Пәкістан Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф қазіргі таңда екі ел арасындағы жағдай ашық қарулы қақтығыс деңгейіне жеткенін мәлімдеген.

АҚШ Ормуз бұғазы бойынша халықаралық коалиция құруды ұсынды

АҚШ әкімшілігі Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа халықаралық коалиция құру бастамасын көтерді. 

Басылымның мәліметінше, АҚШ Мемлекеттік департаменті шетелдегі елшіліктеріне арнайы нұсқау жіберіп, дипломаттарға өзге мемлекеттерді жаңа бастамаға қосылуға үгіттеуді тапсырған.

Жоспарланған коалицияның негізгі мақсаты – қатысушы елдер арасында ақпарат алмасуды жолға қою, дипломатиялық іс-қимылды үйлестіру және санкциялық саясатты тиімді жүзеге асыру. Ресми түрде бастама әскери емес сипатта ұсынылғанымен, кейбір мемлекеттерге «дипломатиялық және/немесе әскери серіктес» болу ұсынылғаны айтылды.

Бұған дейін Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдайтын елдерді теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді қатысуға шақырған еді. Атап айтқанда, Ұлыбритания, Қытай, Жапония және Франция сияқты елдердің қатысуы қарастырылған.

Алайда бұған дейін ұсынылған ұқсас бастама кең қолдау таппаған. Соған қарамастан, Вашингтон Ормуз бұғазы маңындағы тұрақсыздық жағдайында жаңа коалиция құру арқылы теңіздегі қауіпсіздікті күшейтуді көздеп отыр.

Ресей АҚШ-қа Иранның ядролық бағдарламасын реттеу бойынша ұсыныстарын жеткізді

Мәскеу АҚШ-қа Иранның ядролық бағдарламасына қатысты бірқатар ұсыныстарын жолдады. Бұл туралы Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл бастама Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасындағы телефон арқылы сөйлесу барысында айтылған.

Ушаков Ресейдің басты ұстанымы дағдарысты әскери емес, тек бейбіт және дипломатиялық жолмен шешу екенін атап өтті.

«Ресей Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіспеушіліктерді реттеуге бағытталған халықаралық дипломатиялық күш-жігерді қолдауға дайын және осы бағытта бірқатар ойлар ұсынды», – деді ол.

Сонымен қатар, Ресей тарапы Иран өкілдерімен, Парсы шығанағы елдерімен, Израильмен және АҚШ-тың келіссөз топтарымен тұрақты байланыс орнатылғанын хабарлады.

Мәскеу ядролық мәселені шешуде барлық тараптардың қатысуымен кең ауқымды дипломатиялық диалогты жалғастыруды маңызды деп санайды.

Лондонда екі еврей пышақ жарақатын алды: Оқиғаны террористік акт деп бағалады

Лондонның солтүстігіндегі Голдерс Грин ауданында екі еврей ер адам пышақ жарақатын алды. Полиция бұл оқиғаны террористік акт ретінде бағалап, ресми тергеу бастады.

Алдын ала мәлімет бойынша, 70 және 30 жастан асқан екі ер адам көшеде жүрген кезде шабуылға ұшыраған. Екеуі де ауруханаға жеткізіліп, қазіргі жағдайы тұрақты деп хабарланды. Құқық қорғау органдары 45 жастағы күдіктіні оқиға орнында ұстап, қамауға алды.

Полицияның мәліметінше, күдікті бұрын сотты болған және психикалық денсаулығына байланысты мәселелері бар. Ол полицейлерге де шабуыл жасауға әрекеттенген, алайда жарақат алмаған.

Оқиға Лондондағы еврей қауымдастығына қарсы соңғы уақыттағы шабуылдар мен өртеу фактілерінен кейін орын алған. Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық тудырып, қауіпсіздік шараларын күшейту туралы талаптарды күшейтті.

Ұлыбритания билігі еврей қауымдастығын қорғау үшін қосымша ресурстар бөлінетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, оқиғаның себептері мен ықтимал байланыстары, соның ішінде шетелдік ықпал болуы мүмкін деген нұсқалар да тексерілуде.

Лондон полициясы тергеу жалғасып жатқанын және оқиғаның барлық мән-жайы анықталатынын хабарлады.

Наверх