Әлемде: АҚШ-тағы ұшақ апаты, ХАМАС-тағы тұтқындар, Башар Асадтың туысы ұсталды

Бүгiн, 10:02
142
Бөлісу:
Әлемде: АҚШ-тағы ұшақ апаты, ХАМАС-тағы тұтқындар, Башар Асадтың туысы ұсталды

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

АҚШ-та ұшақ сауда үйіне құлады

Медициналық Learjet 55 ұшағы Филадельфиядан Миссури штатының Спрингфилд қаласына бағыт алған. Алайда, әуеге көтерілгеннен бірнеше минут өткен соң, ұшақ Филадельфиядағы тұрғын үй кварталына, Roosevelt Mall сауда орталығының автотұрағына құлады.

Әлемде: АҚШ-тағы ұшақ апаты, ХАМАС-тағы тұтқындар, Башар Асадтың туысы ұсталды

CBS

АҚШ-тың көлік министрі Шон Даффи апат кезінде ұшақ бортында алты адам болғанын хабарлады: төрт экипаж мүшесі, бала-пациент және оны ертіп жүрген адам. Ұшақ апатынан аман қалғандар туралы әзірге ресми мәлімет жоқ. Сонымен қатар, апат салдарынан жердегі бірнеше адам зардап шекті. Ұшақтың бөлшектері жақын маңдағы үйлер мен көліктерге түсіп, өртке себеп болды.

Бұл оқиға АҚШ-та болған екінші авиаапат. Бұған дейін тағы бір ұшақ тікұшақпен соқтығысып, шамамен 60 адамның өмірін қиған.

Оқиғаның себебін Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) мен Федералдық авиация басқармасы (FAA) тергеп жатыр.

Сирияда Башар Асадтың ағасы қамауға алынды

Сирияда Асадтың туысы, бұрынғы жоғары лауазымды офицер тұтқындалды.

Сирия билігі Башар Асадтың немере ағасы, бұрынғы қауіпсіздік қызметінің жоғары шенді офицері Атеф Наджибті тұтқындады. 

Әлемде: АҚШ-тағы ұшақ апаты, ХАМАС-тағы тұтқындар, Башар Асадтың туысы ұсталды

depositphotos.com/MohammadBash

Ол 2011 жылы Дараадағы халық көтерілісін басып-жаншу кезінде қатыгездік танытқан басшылардың бірі ретінде белгілі. Бұл көтеріліс кейіннен бүкіл Сирияны қамтыған “Араб көктемінің” басталуына түрткі болған еді.

ХАМАС кепілге алынғандардың есімін жариялады

Израиль ХАМАС-тан 1 ақпан күні Газа секторында тұтқыннан босатылуы тиіс үш адамның тізімін алғанын мәлімдеді.

Палестиналық ХАМАС жұма күні кепілге алынған үш адамды босататынын мәлімдеді. Ярден Бибас, Кит Сигел және Офер Калдерон сенбі күні табысталады, деп хабарлады ХАМАС өкілі Абу Обейда өзінің Telegram арнасындағы хабарламасында.

Оның орнына сенбі күні 90 палестиналық тұтқын Израиль түрмелерінен босатылады. ХАМАС олардың құрамына Израильде өмір бойына сотталған тоғыз тұтқынды қосатынын айтты.

Бүгінде Газа секторында 79 кепілге алынған адам тұтқында.

Түркия кәмелетке толмағадар үшін әлеуметтік желіні шектемек

Түркия билігі кәмелетке толмаған балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салмақ. Бұл туралы елдің көлік инфрақұрылым министрлігі мәлімдеді.

Министрліктің айтуынша, 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желідегі кейбір контенттер кері әсер етуі мүмкін. Қазірдің өзінде елде зорлық-зомбылық тақырыбындағы видеоойындар мен бейнематериалдар көрсетілмейді.

Әлемде: АҚШ-тағы ұшақ апаты, ХАМАС-тағы тұтқындар, Башар Асадтың туысы ұсталды

iStock.com / 9parusnikov

Жалпы әлеуметтік желіні шектеу туралы бастама өзге елдерде де жиі талқыланып жүр. Австралия әлеуметтік желіге жас ерекшеліктеріне байланысты шектеу шараларын енгізді. Индонезия да бұл тәжірибені пайдаланып көрмек.

 

Өзгелердің жаңалығы